"Ауыл" партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаевты партия төрағасының орынбасары қызметінен босату туралы бірауыздан шешім қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жигули Дайрабаев – мәжіліс депутаты, аграрлық саланың маманы.
Қысқаша өмірбаяны:
🔹 2023 жылдан бастап – «Ауыл» партиясы атынан мәжілістің VIII шақырылымының депутаты.
🔹 2022 жылы – Қазақстан президенттігіне кандидат.
🔹 2021 жылы – жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары.
🔹 2015 жылдан бастап – Қазақстан фермерлер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, 2019 жылдан бастап – Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы.
🔹 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені комитетін басқарған.
Дайрабаев ауыл шаруашылығы мен жер реформасы саласындағы қызметімен танымал.
МӘЖІЛІСТЕ НЕ ДЕДІ
Мәжілістің осы аптадағы отырысында Дайрабаев Жигули Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтқан еді. Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев тіл мәселесін көтерді.
Идеологияға жауапты азаматтарға сұрақ: бізде солтүстік өңірлерде елдімекендердің, көшелердің атауы қашан мемлекеттік тілімізге ауысады? Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Кірсем, басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа сіздер қарап отырсыздар? Жан ауырады көргенде, – деді Жигули Дайрабаев.
Ulysmedia.kz әділет министрі Ермек Сәрсембаевтан бұған дейін Қазақстанда заңдар қашан қазақ тілінде жазылатынын сұраған еді.