Талдықорған қаласында оқыс жағдай бола жаздады. Бес жасар бала бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен шығып, төңіректегі елдің зәре-құтын қашырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мұны көрген адамдардың үрейі ұшып, дереу баланы құтқаруға кірісті. Біреулер матрац тауып әкелді, оны терезенің төменгі жағына төседі. «Құтқару операциясын» куәгерлер бастан-аяқ бейнежазбаға түсіріп алған.
Бейнежазбадағы көрініске қарасақ дүрліккен жұрттың ішінде кішкентай ұлдың әкесі де жүргенін аңғарамыз. Ол баласына «ішке қарай кір» деумен болды. Бала суық күнде терезе алдында жеңіл киіммен жарты сағаттай отырды.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кезекші бөлімге біреу қоңырау шалып, үйде ересектердің қарауынсыз екі кішкентай бала қалып қойғанын және олардың бірі терезеден құлап кетуі мүмкін екенін айтқан.
Құтқарушылар келген кезде есікті үй иесі ашты. Мамандар терезе алдындағы баланы аман-есеп түсіріп алды, ал екінші бүлдіршін үйдің ішінде болды. Зардап шеккен ешкім жоқ, - деді департамент өкілдері.