Бүгін, 2 наурызда Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында жеке тұрғын үйде бір отбасының 7 адамы газдан уланып, қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы адамдарды ажал аузынан аман алып қала алмады. Үйде болған отбасы мүшелерінің барлығы – екі ересек адам мен бес бала сол жерде тіл тартпай кеткен.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, қайғылы жағдай газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан болуы мүмкін.
Арнайы комиссия төтенше оқиғаның себебін анықтап жатыр. Комиссияны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады.
– Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесеміз. Аталған оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында, – делінген Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.