Қазақстандық жас мұғалім жалақысы аз екенін айтып, шағымын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАС МҰҒАЛІМ НЕ ДЕЙДІ
Жас мұғалім TikTok-та видео жариялап, “өміріндегі ең көп” жалақысын көрсеткен. Ол 224 604 теңге жалақы алған.
- Қашанғы үндемей отыра береміз? Бізде расында жалақы өте төмен. Сонша жұмыс істеп, жүйкеміз жұқарады. 200 мың теңге көлемінде жалақы өмірімде алмағанмын. Бұл – менің өмірімдегі ең көп жалақы. 200 мың теңге алатынымды біле тұра жұмысқа орналастым. Бірінші айда жалақым түскен кезде маған өте аз болып көрінді. Үш балам, кредиттерім бар. Жалақы түскеннен кейін екінші күні бұл ақшадан дым қалмайды. 2025 жылы мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болатынын түсінбеймін, дейді мұғалім.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ҚАНША
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұғалімдердің жалақысы “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданғаннан кейін екі есе өсті және түрлі үстемақылармен толықтырылған.
Министрліктің деректері бойынша, қала мұғалімдері орта есеппен 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері 435 мың теңге жалақы алады.
Өткен жылы 8 мыңнан астам жас маман қайта оралып, кадр тапшылығы азайды. Ресми деректер бойынша, Қазақстандағы мұғалімдердің жалақысы Ресейден 3 есе, Қырғызстаннан 9 есе жоғары.
ҚОСЫМША
Ұлысмедиа тілшісі оқу-ағарту министрлігінен мұғалімнің наразылығына қатысты қосымша пікір білдіруін сұрады.