×
499.11
521.12
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.11
521.12
5.58

Маңғыстауда бүтін бір отбасы газдан уланып мерт болды: жаңа деректер

Маңғыстауда бүтін бір отбасы газдан уланып мерт болды: жаңа деректер
Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстауда газдан уланып мерт болған отбасыға қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КӨРШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ

КТК телеарнасының мәліметінше, марқұмдардың уланып өлгенін түс уақытында үйіне келген көршілері көріп құтқарушыларды шақыртқан. Бірақ ол кезде бәрі кеш болды. Жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан улы газ сыртқа шықпай, үйдің ішіне жайылған деген болжам бар.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

Қайғылы оқиға Басқұдық ауылындағы үйде болған. Тұтас бір отбасының мүшесі газдан уланды. Туыстарының айтуынша, оқыс жағдай жылыту пешінің мұржасына қатқан мұздан болған. Улы газдың үйдің ішіне жайылып, жеті адам тіл тартпай кетті. Көршілерінің шақыртуымен оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері үйден жеті адамның газға уланып ісініп кеткен мәйітін тапқан. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған бала.

— Өлімнің себебін анықтау мақсатында қайтыс болған тұрғындарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы айда дайын болады. Оған дейін тергеу жүргізіледі. Полиция департаменті бастығының тапсыруы бойынша қазір тергеу тобы құрылды. Істі сол тергеу тобы тергейді, дейді Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары Қайрат Өтемісов.

Марқұмдардың туыстары улы газ шатырдың саңылауынан үйге тараған дейді. Осы сәтте ұйықтап жатқан бес баланың бірі оянып үлкендерге хабарлағысы келген. Алайда есігі ішінен кілттеулі ата-анасының бөлмесіне кіре алмапты. Жалма-жан үйдің терезесін ашуға жүгірген кішкентай бала пердеге асылған күйі ажал құшыпты. Осы оқыс жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр.

— Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі. Соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіледі және оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында, дейді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов.

Тиісті мамандар тұрғын үйлердің жылыту пешін тексермейді дейді марқұмның туыстары. Ал аудан әкімдігі жеті адамның өмірін жалмаған ескі пешті жаңасына ауыстырып беріпті. Бірақ бұл үйдің түтінін түтетін енді тірі жан қалмады.