Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай Астанада «Алаш және дін» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Деректі фильмді ORDA LIFE ютуб-каналы Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің қолдауымен түсірген.
Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылдың 5 наурыз күні Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Келер жылы Ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сондай-ақ биыл Бақытжан Қартаевтың 165, Ғұмар Қараш пен Сәлімгерей Жантөриннің 150, Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Журналист Серік Жолдасбай осы мерейлі датаға орай Алаш арыстарының діни ұстанымы жайлы зерттеуін көрерменге ұсынды.
ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ НЕ ЖАЙЛЫ
Деректі фильмде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы еліміздегі діни ахуал сипатталады. 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы петициясын да сөз бостандығы мен ана тілінде оқудан бөлек діни еркіндік проблемасы көтерілді. Сондай-ақ Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін «указной молда» қызметін енгізді. Указной молдалардың іс-әрекеті дін адамдарына деген халықтың теріс пікірін қалыптастырды. Бұдан бөлек қырым татарларының ағартушысы Исмайыл Гаспыралының жәдидизм ағымы кең қолдауға ие болған. Әйтсе де жәдиттік білім беру жүйесін мұсылмандардың бәрі бірдей тегіс қолдай кеткен жоқ. Әйгілі ағартушының реформасына ескілік ұстанымындағы қадымшылар қарсы болды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы еліміздегі діни пікір-талас басылым беттеріне шығуына ықпал етті. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлері сот ісін әдет-ғұрып жолымен жүргізейік десе, Бақытжан Қаратаевтың маңына топтасқан шариғатты басшылыққа алады.
Сонымен қатар деректі фильмде әйел теңдігі, жеке мүфтилік құру және Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мемлекет пен дін ісін неге бөлгені баяндалады. Деректі фильмде тарихшы Мәмбет Қойгелді, әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлұлы, алаштанушы Ғарифолла Әнес және дінтанушы Кеңшілік Тышқан спикер ретінде пікір білдіреді.
«Біз неге Алаштың діни ұстанымын шығаруды жөн көрдік. Себебі соңғы кездері әртүрлі діни ағымдар Алашты өзіне тартып, қоғамды адастырып жатқаны көзі қарақты азаматтарға белгілі болса керек. Мысалы Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзін «иманнан» деп өзгертіп, ұлт көсеміне ораза ұстатып қойды. Тіпті кейбіреулер «Алаштықтар дін үшін күрескен» деп исі қазақты адастыратын сөздер айта бастады. Ал шын мәнісінде Әлихан Бөкейхан қоғамның діншілденуіне түбегейлі қарсы болған. Ұлт көсемі діни фанатизмге неге қарсы болды? Тәуелсіздік алғаннан кейінгі билік секілді азаматтарды жаппай діншілдендіріп, «Бөліп алда билей бер» деген саясатты неге жүргізбеді? Себебі Алаш арысы қоғамның дінкештенуі мемлекеттің дамуы үшін қауіпті екенін жақсы түсінді. Сондықтан да ол қоғамның әсіре діншілденуіне қарсы тұрды», – дейді Серік Жолдасбай.
Туындының тұсаукесеріне келгендер залды лық толтырды. Жоба авторы «АЛАШ және ДІН» деректі фильмінің шығуына көмектескен азаматтарға алғысын жеткізді.
КҮНДІ КӨРЕ БІЛЕТІН ҰРПАҚ КЕЛЕДІ
Әлихан Бөкейханның түрмеде жатқан Міржақып Дулатұлына жазған хаты бар. Аталған хатта "Шырағым, Ахмет... Шырағым, Міржақып! Сендердің таңдаған жолдарың - абақты жолы... азапты жол... Бірақ бір нәрсені түсініңдер: баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққуды балтырдан алып "Әй, аққу! Сен күн бар дейсің, күн бар дейсің. Сол күнді мен неғып көрмеймін?" дейді. Сонда аққу "Әй, доңыз! Сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың!" депті. Осы ойды айта келіп Әлекең «Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!" дейді.
Бүгін біз Әлихан Бөкейханның туған күнінде бас қосып отырмыз. Әлихан айтқан «күнді көретін ұрпақ» біз бе, жоқ әлде бізден кейін буын бола ма?» Біз қаншалықты Алаш арыстарын «ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алып жүрміз? Бұл үлкен сұрақ.