АҚШ президенті Дональд Трамп кадр саясатына қатысты түпкі шешім қабылдау құқығы федералдық агенттіктердің басшыларына тиесілі екенін, ал DOGE жетекшісі Илон Маск бұл процеске ықпал ете алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жайлы Reuters, Politico және CNN өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.
CNN мәліметінше, Трамптың федералдық агенттіктер басшыларымен кездесуі 90 минутқа созылып, жабық есік жағдайында өткен, деп жазады BBC.
Кездесу барысында Трамп Масктың федералдық үкіметтің қызметкерлер санын қысқартып, шығындарды азайту жөніндегі бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдегенімен, миллиардер басқаратын үкімет тиімділігі департаменті тек кеңесші рөлін атқаратынын атап өткен.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан Маск Трамптың шешімімен келісетінін білдірді. Politico деректеріне сүйенсек, кәсіпкер тіпті өз департаментінің белгілі бір қателіктер жібергенін мойындаған.
Айта кетейік, Трамптың инаугурациясынан кейін SpaceX басшысы Илон Маскқа кең өкілеттіктер берілген еді, бұл шешім үшін президентті мемлекеттік қызметкерлер қатты сынға алған.