Қытай билігі болашақта электр қуатын зиянды қалдықсыз өндіруге мүмкіндік беретін термоядролық синтез технологиясының коммерциялық нұсқасын қолданысқа енгізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Bloomberg-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының хабарлауынша, термоядролық синтез радиоактивті қалдықсыз энергия алуға мүмкіндік береді. Ғалымдар оның көмегімен электр энергиясының шексіз көзін жасауға болады деп санайды. Бұл «жасыл энергия» өндіруге жасалған үлкен қадам.
«Жасанды Күн» жобасын іске асырушы қытайлық ғалымдар Эксперименттік жетілдірілген жоғары өткізгіш ТОКАМАК-тың (EAST) көмегімен алғаш рет 1000 секунд бойы плазманың тұрақты жұмысын бақылады. Осы уақыт ішінде плазманың температурасы 100 миллион градустан асты.
ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛЕДІ
Қытай билігі атом энергетикасын дамыту стратегиясына сәйкес, «Жасанды Күннен» электр энергиясын коммерциялық мақсатта өндіруді 2050 жылға қарай іске асыруды болжап отыр.
Сонымен қатар Қытай әлемдегі ең көп ядролық реакторларды іске қосуға ниетті. Қазір бұл бағытта Франция мен АҚШ көш бастап тұр.
Айта кетейік, «Жасанды күн» технологиясымен әлемде Қытай мамандары ғана айналысып жатқан жоқ. Биыл ақпанда француз ғалымдары реакция ұзақтығы бойынша қытайлық әріптестерінен асып түскен.