Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлардың түпкі мақсаты туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰЙЫМДАР МЕН ҚОРЛАР
Тоқаев ұлттық құрылтайда жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып бара жатқанын айтты.
- Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты. Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен.
«Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық, дейді президент.
Тоқаев АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететінін айтты.