Қоғамда қызуы басылмай тұрған футболшы Асхат Тағыбергенге қатысты белгілі блогер журналист Динара Сәтжан жазба жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
20 МИЛЛИОНДЫҚ ЖАЛАҚЫ
Шымкент әкімі "Ордабасы" футбол клубының капитаны Асхат Тағыбергеннің жалақысын жариялағаннан кейін қоғамда үлкен дау туындаған еді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков “Ордабасы” футбол клубының капитаны Асхат Тағыберген туралы “ойнай алмайды” және “кеткісі келмейді” деген еді. Және оның жалақысы туралы “20 миллион теңге алады” деген.
Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан әкімнің әрекетін сынға алып, келісімшарттағы ақпараттың құпиялылығын сақтау қажеттігін атап өтті:
"Біріншіден, әкім айтқан сома менің білуімше, асыра көрсетілген. Екіншіден, келісімшарт деген құпия нәрсе емес пе?! Үшіншіден, клубты біреу күштеп Асхатпен келісімшарт жасасуға мәжбүрледі ме?" – деп жазды ол.
"АСХАТ – БОЛАШАҚ ФУТБОЛШЫЛАРҒА ҮЛГІ"
Сәтжанның пікірінше, Асхат Тағыберген – жас футболшыларға үлгі болатын тұлға.
"Легионерлерге көп ақша төленгенде ешкім ештеңе демейді, ал біздің жігіттерге келгенде шу шығады. Асхаттың беделі зор, ол үшінші жыл қатарынан Қазақстан құрамасының капитаны, осы уақыт ішінде үш түрлі жаттықтырушы ауысты, ал Асхат капитандық міндетін адал атқаруда. 2023 жылы "Ордабасы" алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Сол кезде әкімге Асхаттың жалақысы қызық болмап па еді?" – деп пікір білдірді ол.
Журналист әкімнің әрекетін кәсіби емес деп бағалады
"Футболшыны айыптап, ашық түрде "ойнай алмайды, кеткісі келмейді, жай отыр" деу – өте ұят нәрсе. Медиа саласының адамы ретінде бұл ақпараттық шабуыл екенін түсінемін," – деді Динара.
Бірақ Динара Сәтжанның бұл жазбасы оқырмандар арасында қолдау таппады.
“Былые заслуги деп өмір бақи асырамайтын шығармыз? Тіпті әлемнің мықты футболшыларының өзі жұлдызды шағы аяқталғанда азғантай ақша үшін ортаңқол лигаларға ауысады. Бұл заңдылық”- дейді бір оқырман.
Желі қолданушыларының басым бөлігі футболшылар мемлекет есебінен қаржыландырылмауы керек деп есептейді.
АСХАТ ТАҒЫБЕРГЕН
Асхат Тағыбергенұлы Тағыберген — қазақстандық футболшы, жартылай қорғаушы. Ол 1990 жылы 9 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ол Қазақстанның ұлттық футбол құрамасы мен "Ордабасы" футбол клубының ойыншысы. Асхат өзінің кәсіби мансабын 2008 жылы "Қайсар" клубында бастады. Ол бірнеше қазақстандық клубтарда ойнап, ел чемпионаттарында және халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар, ол Қазақстан құрамасының капитаны ретінде де танымал. Оның Дания құрамасының қақпасына соққан голы әлемдік Пушкаш сыйлығына ұсынылған.