Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің көшбасшылары Ресейдің ЕО аумағында тоңазытылған активтерін тәркілемейді. Бұл қаражаттың пайыздары Украинаға қолдау көрсетуге жұмсалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
20 наурызда өткен ЕО саммитінің қорытынды мәтініне сәйкес, Еуроодақ ресейлік активтерді тәркілеу мәселесін талқылауды тоқтатты. DW тілшісінің қолына түскен құжатта:
"ЕО заңнамасына сәйкес, Ресей Украинаға қарсы агрессивті соғысын тоқтатып, осы соғыстан келген залалды өтемейінше, ресейлік активтер қозғалыссыз күйінде қалуы керек", - деп көрсетілген.
БІРҚАТАР ЕЛДЕР РЕСЕЙ АКТИВТЕРІНІҢ ТӘРКІЛЕНУІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Еуроодақтың бірнеше елі Ресейдің 200 миллиард еуродан асатын мемлекеттік активтерін тәркілеуге қарсы шықты. Олар бұл ұстанымдарын ЕО заңнамасымен, қаржылық қызметтер нарығындағы еуропалық бәсекеге қабілеттілікке төнетін қауіппен, осы қаражаттың пайыздарынан Украинаға көмек көрсету қажеттілігімен, сондай-ақ бұл соманың бейбіт келіссөздерде "көзір" рөлін атқарып, Ресейге ықпал ету тетігі бола алатынымен түсіндірді.
"Біз Украинадағы жағдайдың соңғы кезеңі туралы, бейбіт келіссөздер, атысты тоқтату және 3 айдан кейін немесе 3 жылдан кейін жасалуы мүмкін бейбіт келісім жайлы ойлана бастадық. Қазір бұл активтерге ие болу оларды не істеу керектігін білместен тәркілеуден маңыздырақ болуы мүмкін екенін адамдар түсіне бастады", - деді саммит қарсаңында еуропалық дипломаттардың бірі.
ЕО РЕСЕЙГЕ ҚЫСЫМДЫ КҮШЕЙТУГЕ ДАЙЫН
Сонымен қатар, құжатта Еуроодақтың Ресейге қосымша санкциялар енгізу және қолданыстағы шаралардың сақталуын қатаң бақылау арқылы қысымды одан әрі күшейтуге дайын екені айтылған. Бұл қадамдар Ресейдің Украинаға қарсы соғыс жүргізу қабілетін әлсіретуге бағытталған.