Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр фермерлерге арзан бағамен бөлінген дизель отыны мақсатсыз пайдаланылып жатқанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Роман Склярдың депутаттарға берген жауабында 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) арналған дизель отынының нақты тұтыну көлемі 603 мың тоннаны құрағнын хабарлайды. Бұл ретте бастапқы қажеттілік 800 мың тонна деп көрсетілген болатын.
Осылайша, дизель отынының мақсатсыз пайдаланылғаны расталды, – дейді ол.
2024 жылы бөлінген отын толық көлемде пайдаланылмағанына қарамастан, 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 803 мың тонна дизель отынына сұраныс берілген. АШТӨ-ні қолдау және елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, дизель отынының бағасын биылғы жылдың күзіне дейін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданған.
Алайда, мұнай өнімдері нарығын ырықтандыру аясында күзде баға саясатын қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл ретте, жанармай құю станцияларындағы («пистолеттегі») бағадан 10-15% төмендету қағидаты негізге алынбақ. Сонымен қатар, тікелей субсидиялау механизмі енгізу мүмкіндігі қарастырылуда, – делінген жауапта.
Аталған тәсілдер үкімет отырысында мақұлданып, тиісті мәселелер ерекше бақылауға алынған.