×
502.83
545.37
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.83
545.37
5.95

"Ескі Түркия" өткен заманда қалды - Ердоған

23.03.2025, 07:00
"Ескі Түркия" өткен заманда қалды - Ердоған
trt.global

Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған елдегі оппозициялық күштер төрт күн бойы полицияға шабуыл жасауға әрекеттеніп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  «РИА Новостиге» сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ердоғанның айтуынша, оппозиция төрт күн бойы полицияға шабуыл жасауға тырысып, «көшедегі террормен» айналысып жатыр.

Осы уақыт ішінде олар (шамамен оппозиция – авт.) ұлттың тыныштығын бұзып, ел ішіне іріткі салып, жолына тосқауыл болғандардың бәрін тілдеп, өз міндеттерін орындап жүрген полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, сыбайлас жемқорлық істерін тергеп жатқан сот жүйесі өкілдерін қорқытып, ұлттың рухын көше террорымен басуға тырысып жатыр, – деді ол Ыстамбұлда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар Түркия басшысы наразылық арқылы «билікке қысым көрсету», «саясатты көшеде жүргізу» өткен заманда қалған ескі тәсіл екенін атап өтті.

Мен тағы да еске салғым келеді: көшеге шығып, ұлттық рухқа саусақ шошайту, оған қоса солшыл ұйымдарды, маргинал топтар мен вандалдарды ерту – өткеннің еншісінде қалды. Саясат пен сот төрелігінің бағытын көше террорымен анықтайтын күндер бұрынғы Түркия сияқты тарих қойнауына еніп барады, – деді Ердоған.

Бұған дейін Түркияның негізгі оппозициялық  Республикалық халықтық партиясы (РХП) ел тұрғындарын қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлыны қолдау акциясына қатысуға шақырған. Ал Ыстамбұл әкімшілігі наразылық акциялары мен шерулерге тыйым салу уақытын 27 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Тыйым салу ірі қалалар -Анкара мен Измирде де қолданылады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 19 наурызда сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен, пара берумен және террористік әрекетке жәрдемдесумен айналысатын ұйымға қатысы бар деген күдікпен Экрем Имамоғлы ұсталған. Оппозициялық саясаткер биліктің қысымына көнбейтінін және өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын мәлім еткен. Мұның соңы Ыстамбұлда жаппай наразылыққа ұласып, 300 мыңдай адам көшеге шыққан.