Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстанның 10 өңірінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Арнайы қызмет өкілдері ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 29 адамды ұстады. Олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Операция прокуратураның үйлестіруімен өтті.
Күштік құрылымдар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің, шекара маңындағы және қылмыстық-атқару жүйесі нысандарындағы заңсыз схемалардың жолын кесті.
Заңсыз айналымнан 25 қару, екі граната және 236 оқ-дәрі тәркіленді.
Барлық дерек бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.
Мән-жайы
Бұған дейін Астанада прокуратура екі жыл бойы тұрғын үй кешендеріндегі жалдамалы пәтерлерде жезөкшелік орнын ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтағаны хабарланған еді.
Топты әпкелі-сіңлілі әйелдер жұбайларымен бірге ұйымдастырған.
Барлығы 15 адам ұсталып, іс сотқа жолданды.