Кеше, 23 наурызда Франция астанасы Парижде қала көшелерін жаяу адамдарға арнап қайта құру мақсатында референдум өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қала мэрі Анн Идальгоның мәліметінше, референдумға қатысуға тіркелген 1,4 миллионға жуық адамның 4%-ы ғана дауыс берген. Алайда олардың 66%-ы «көліксіз көшелер» бастамасын қолдаған. Бұл көрсеткіш жобаны одан әрі ілгерілетуге жеткілікті деді қала билігі.
Жоспар бойынша 20 муниципалды округтің әрқайсында 25 көше жаяу жүргіншілерге арналып қайта жасалмақ. Көшелерді таңдау жергілікті деңгейде шешіледі және алдағы аптада болатын жиындарда талқыланады.
Сонымен қатар жоспарға сәйкес, алдағы бірнеше жыл ішінде Франция астанасында 10 мыңға дейін автотұрақты жою көзделген.
Бұл жұмыстар қаланың шуы мен ауасының ластануына, сондай-ақ жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күресте көмектеседі, - деп атап өтті Идальго.