Түркияда жаппай наразылық білдірушілер ұсталып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ыстамбұл мэрі, оппозиция жетекшісі Экрем Имамоглу қамауға алынғаннан кейін Түркияда жаппай наразылықтар жалғасуда. Ұсталғандардың арасында журналистер де бар.
DW мәліметінше, наразылыққа қатысқан 1133 адам ұсталған. Олардың арасында 10 фотограф пен журналист бар екені нақтыланған.
24 наурыз кешінде Ыстамбұл мен Анкарада мыңдаған адам қайтадан көшеге шығып, үкіметтің отставкасын талап етті.
ҚАМАУҒА АЛЫНУ МЕН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҰСЫНЫЛУ
19 наурызда Экрем Имамоглу жемқорлыққа қатысты айыппен қамауға алынды. Оның жақтастары бұл айыптарды саяси қысым деп санайды. Қамауға алынғанына қарамастан, РХП оны президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Праймериз нәтижесінде ол 15 миллионға жуық дауыс жинап, алдағы сайлауда Ердоғанның негізгі қарсыласына айналды.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ
Имамоглуны Түркияның түкпір-түкпіріндегі миллиондаған партияластары қолдап, наразылық шерулерін өткізуде. Оны көпшілік алдында Анкара мэрі Мансур Яваш та қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді талап етті.
Айта кетейік, Ердоған Түркия билігінде 21 жылдан астам уақыттан бері отыр. Ол 2003 жылы премьер-министр, ал 2014 жылдан бері ел президенті болып келеді. Сауалнама нәтижелері бойынша, Имамоглу жастар мен қала тұрғындары арасында жоғары сенімге ие, ал Ердоған негізінен консервативті және егде жастағы сайлаушыларға сүйенеді.