Биыл 27 наурызға қараған түн - Қадір түні. Осыған орай ҚМДБ маңызды жеті сұрақтың жауабын берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қадір түні қашан болады?
Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің біріне жасырылған қасиетті түн. Дегенмен, ислам ғұламаларының пікірінше, 27-түн Қадір түні болуы ықтималдығы жоғары.
Қадір түні міндетті түрде ұйықтамау қажет пе?
Бұл түні мүмкіндігінше ұйықтамай, дұға-тілек жасап, намаз оқып, садақа беріп, ізгі амалдармен айналысу – ең маңыздысы. Тек ұйықтамау емес, осы түнді құлшылықпен өткізудің сауабы мол.
Қадір түні қай уақыттан басталып, қашан аяқталады?
Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сәттен басталып, таң атқанға дейін жалғасады. Тек түнгі 12-ден 1:30-ға дейін ғана күту керек деген түсінік қате.
Қадір түні Қыдыр ата келеді ме?
Жоқ, бұл – халық арасында таралған қате сенім. Қыдыр ата Қадір түні де, басқа уақытта да келмейді. Бұл түнде адам өзін рухани тазартуға, шынайы дұға жасап, Алланың разылығына бөленуге ұмтылуы керек.
Етеккірі келген әйел Қадір түнінде не істей алады?
Мұндай жағдайда әйел мешітке бармай, Қадір түнін үйде өткізгені дұрыс. Намаз оқи алмаса да, Алланы еске алып, «субханаллаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбар» деп зікір айтып, кешірім тілеуге болады. Сондай-ақ, жаттаған дұға-аяттарын оқып, рухани тазаруға көңіл бөлуге рұқсат етіледі.
Қадір түні дастарқан жаю керек пе? Есік-терезені ашып қою керек пе?
Қадір түні үшін арнайы дастарқан жаю немесе есік-терезені ашып қою міндет емес. Маңыздысы – Аллаға шынайы құлшылық жасап, кешірім сұрап, жүректі тазарту.
Мешітке келген соң неден бастау керек?
Мешітке кірмес бұрын дәрет алған жөн. Алдымен, екі бас «сәлем намазын» оқып, имамның уағызын тыңдаңыз. Жамағатпен намаз оқып, одан кейін өзіңізге, жақындарыңызға дұға етіңіз. Құран оқып, осы түнді мүмкіндігінше құлшылықпен өткізіңіз.