Қызылорда қаласының Тасбөгет ауданында ер адам дәрігерге келген әйелін қызғанып, соққыға жығып, екі қабырғасын сындырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жантүршігерлік оқиға жайлы журналист Жазира Бегалы Instagram парақшасында жазды. Журналист Қызылорда қаласының Тасбөгет ауданында полиция өкілдерінен сұхбат алуға келіп, осы оқиғаға куә болған.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сәуле Әкімова есімді әйел дәрігерден күйеуінің порталы жайлы сұраймын деп ауруханаға келген. Өзі де сол ауруханада тазалықшы болып жұмыс істейді.
Аурухана дәрігері әйелмен ұрсысып, жанжал шығып кеткен. Артынша дәрігер Сәуле Әкімованың күйеуін шақырған. Ал күйеуі қолын ала жүгіріп, әйелін соққыға жыққан. Сәуле Әкімованың айтуынша, жұбайы қызғанып, жиі ұрып, соғады.
– Ерінің соққысынан екі қабырғасы шытынап кеткенін айғақтайтын анықтамасы бар. Күйеуі төмпештеп ұрып жатқанда үндемеген дәрігерді іздегім келген. Портал жайлы сұрады деп дәрігер күйеуін жұмыс орнынан шақырып, ақыры әйел дене жарақатын алған, дейді журналист.
Журналист бұл жайтқа қатысты Сәуленің күйеуінен де пікір алып үлгерген.
- Күйеуі “менің қатыным ғой, сындырсам” деді. Тіпті “сотқа беремін, отбасымның шаруасы” деп полицияның көзінше бізге айбат көрсетті. Енді ашуға булыққан отағасын полиция алып кетті. Әрі кетсе оны 15 күнге қамайды. Полицияға арыз жазғаны үшін әйелдің өмірінің тозаққа айналмасына кепілдік жоқ, дейді Жазира Бегалы.
Екі баламен баратын жері жоқ Сәуле таяққа да, мазаққа да шыдауға мәжбүр.
- Ең қызығы Қызылорда қаласында Дағдарыс орталығы бар. Былтыр мемлекет тарапынан 55 млн теңге бөлінген. Бұған қоса Отбасын қолдау орталығы құрылған. Былтыр 46 млн теңге бөлініпті. Енді менің кейіпкерім де, Сәуле де неге сол орталықтарға шағымданбайды? Себебі, ақпарат жоқ. Естімеген. Байқағаным, полиция да жедел шағым қабылдамады. Әйел жылап отыр. Күйеуі жауды жеңген батырдай діңкілдеп жүр. Мен камераға түсіргеннен кейін полиция қимылдады, дейді журналист.
КҮЙЕУІ НЕ ДЕЙДІ
Жазира әйеліне қолын ала жүгірген Қанағат Күлмәшовпен де сөйлескен.
- Қазір билікті әйелдерге беріп қойған. Қазақстанның шіріген заңы. Қанша еркек түрмеде әйелдің кесірінен жатыр, дейді Қанағат Күлмәшов.
Қазіргі таңда Сәуле Әкімова Қызылорданың Дағдарыс орталығына орналастырылған. Ал күйеуі “әке-шешем ауырып жатыр” деп полицияға ақталып жатқан көрінеді.