Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев трешток жасап, бір-бірімен төбелесіп жүретін блогерлер мен актерлердің тірлігін министрлік қолдай қоймайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Серік Жарасбаев блогерлерді жиып төбелестіретін ұйымдардың бәрі ММА федерациясына қарайтынын айтады. Сөзінше, олардың промоушендерінің саны төртеу. Осы айдың басында сол промоушендердің басшыларын жинап, министрліктің өкілдері федерация талаптарын есіне салған.
Соңғы оқиға болған кезде – есімдерін ұмытып қалдым, екі адам автотұрақта төбелесіп қалып, қақтығыс болғаннан кейні біз оларды федерация талаптарына сәйкес, біріншіден, қол жұмсаған спортшыны октагоннан үш айға шектеп тастадық. Екіншіден, сол төбелесті ұйымдастыратын промоушеннің жұмысын бір айға шектедік. Әр федерация промоушендердің жұмысын бақылау жүйесін реттеуді сол федерациялар арқылы жасап жатырмыз, – дейді ол.
Жарасбаев осындай қақтығыстарға барған спортшыларды неге министрлік шектеп жатқанын түсіндірді. Айтуынша, ерегестер шоу ретінде өткізілген кезде аңдап басқан абзал. Десе де, ол заңда егер ондай жайттар шоу ретінде көрсетілсе, басқа заңмен реттеледі.
Әрине, біз спортта мұндайды қолдамаймыз. Себебі блогерлер шығып жатыр. Біріншіден, біз блогерлер деген кім екенін түсінуіміз керек. Егер олар шығып, блогерлер төбелессе ол спортқа жата ма, жатпай ма? Ол спортқа жатпайды. Бұл спорт түрі емес. Ол өздерінің арасында шоу өткізіп жатқан мәселе. Ертең олар октагонға шығып, спорт ережелерімен сөйлессе, біз оны әрине, реттейміз, – дейді ол.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Жақында әлеуметтік желіде қазақ актері Еркебұлан Тоқтар мен өзбекстандық Әділхан Камолов автотұрақта жаға жыртысып, бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Еркебұлан Тоқтар өзбек спортшысын шапалақпен тартып жіберген. Кейін бұл әрекетін Әділханның өзін әлеуметтік желіде қорлап, неше түрлі жазба қалдырғандығынан деп түсіндірген. OCTAGON спорт ұйымының басшылығы осы оқиға жөнінде пікір білдіріп, қазақ актерінің әрекетін қоштамайтынын жеткізген.