×
503.42
542.08
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.42
542.08
6

"Денесін жертөледен тапқан". Жамбылда жүкті келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды

"Денесін жертөледен тапқан". Жамбылда жүкті келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды
Ашық дереккөзден

Жамбылда жүкті келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҚЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ

Информбюро мәліметінше, 25 жастағы жас ана Әдемі Ешеналиеваның мәйітін қойма ішіне жасырып қойған дейді жақындары. Сұмдық жағдай Шу аудандық көпбейінді орталық ауруханасында болған. Науқастың қалай, қандай жағдайда қаза тапқаны белгісіз. Өйткені ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген Әдемі Ешеналиеваны дәрігерлер әжетхана ішінде ес түссіз күйде жатқанда көріпті.

Жақындарының сөзінше, Әдемі телефонмен сөйлескен сайын дәрігерлердің салақтығына жиі шағымданған екен. Соңғы хабарламасында жолдасына “ауруханадан гөрі халық еміне жүгінейік” деп жалыныпты. Бірақ жансақтау бөлімінде жатыр деп Әдемінің қасына ешкімді жуытпапты.

Марқұмның күйеуі жүкті әйелінің мүрдесін перзентхана жертөлесінен тауып алған.

- Қобалжып тұрдым, бөлмеден иіс шығып тұрды. Бөлменің тесігінен қарап едік төсекта адам оралып жатыр. Есікті жұлып аштым. Ішіне кіріп қарасам әйелім жатыр, иістеніп кеткен, түрін тану мүмкін емес, себебі көгеріп, ісіп кеткен, дейді марқұм әйелдің күйеуі Шыңғыс Нұрқасым. 

Дәліздегі қуыс қоймадан мәйітін тапқан туыстары дәрігерлердің арты қуыс екеніне сенімді. Жарты айдан бері дәрігерлердің бақылауында болған Әдемі Ешеналиеваға еш ем қонбады дейді. Бесінші күні жағдай ушығып, жансақтау бөліміне түскен.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Сол күнгі кезекші акушер Әдеміні әжетханадан тауып алғанын айтады.

- Бір нәрсе тарс ете қалды. Санитарка да, мен де естідім. Себебі тыныш болды, тіпті бала да жылаған жоқ. Түнгі сағат 02.38-де жүгіріп бардық. Дәретханаға қарай жүгірдік. Барсам есік ашылмайды, “Әдемі, Әдемі” дедім. Ақырын аштым да, кірсем жерде жатыр екен. “Әдемі, Әдемі” десем үндеген жоқ, дейді кезекші акушер Сандуғаш Бекенова. 

Бірақ бұл айтылғанды туыстары жоққа шығарады. Олардың айтуынша, Әдемі әжетханада ұзақ жатып қалған. Өйткені, бейне бақылаудағы уақыт пен дәрігерлердің айтқаны сай келмейтін көрінеді. Ал жансақтау бөлімінің дәрігерлері жарытып жауап бере алмаған.

- Бізден әлі жауап алып жатыр. Әлі сот сараптамасы жүріп жатыр. Мен толық ақпарат бере алмаймын. Ештеңе айта алмаймын, дейді жансақтау бөлімінің дәрігері Ғани Байсымақов. 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Қазіргі уақытта полиция департаменті бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал денсаулық сақтау басқармасы тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.