Украинаға 900-ден астам қаза тапқан әскери қызметшінің мәйіті қайтарылды. Олардың жеке басын жақын арада анықтау жоспарлануда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Барлығы 909 қаза тапқан сарбаздың сүйегі Украинаға жеткізілді. Олардың арасында Луганск, Курахово, Бахмут және басқа да бағыттарда опат болғандар бар.
"Құқық қорғау органдарының тергеушілері ІІМ-нің сараптамалық мекемелерімен бірлесіп, қаза тапқандардың жеке басын мүмкіндігінше қысқа мерзімде анықтайды", – делінген әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының хабарламасында.
Сондай-ақ, Ресей өзіне 43 қаза тапқан сарбаздың денесін қайтарып алғаны белгілі болды.
Еске салайық, ақпан айының ортасында Украина мен Ресей Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) делдалдығымен қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін тағы да алмастырған. Бұған дейін қос тарап 150-ге 150 форматы бойынша әскери тұтқындармен алмасқан болатын.