АҚШ-тың жаңа келісім жобасы Украинаның бүкіл минералды ресурстарына толық бақылау жүргізуді көздейді. Бұл туралы Financial Times газеті, Bloomberg және Reuters агенттіктері жазады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ ұсынған келісімде Украинаның қауіпсіздігіне қандай да бір кепілдік беру мәселесі ескерілмеген. BBC украин қызметінің дереккөзі, америкалықтар ұсынған жаңа жобаның келеңсіз тұстары туралы мәліметті растады. Бірақ ақпарат көзі екі жаққа да тиімді болатындай ортақ келісімге келу бойынша жұмыстар басталып кеткенін айтты.
МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУДЫ КӨЗДЕЙДІ
АҚШ Киевке 23 наурызда жіберген жобада сирек кездесетін металдар туралы алғашқы ұсыныс айтарлықтай кеңейтілген. Америка енді келісім бойынша украиналық табиғи ресурстарды, соның ішінде мұнай мен газды да бақылауға алғысы келетінін аңғартқан. Сондай-ақ АҚШ табиғи ресурстарды пайдалану инфрақұрылымына қатысты инвестицияларды бақылауға алуды көздейді. Бұл – темір жолдар мен автомобиль жолдары, порттар, шахталар мен қайта өңдеу зауыттарына қатысты инвестициялар. Осылайша Вашингтон соғысты тоқтатуға және үш жылға созылған соғыста Киевке әскери көмек ретінде берілген миллиардтаған долларды қайтаруға тырысады.
УКРАИНАЛЫҚ ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Ақ үй бұл келісім Украинаның «дамуына» серпін береді деп есептейді. Украиналық жоғары лауазымды шенеуніктің бірі Financial Times газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың бұл ұсынысы елдің егемендігіне нұқсан келтіріп, Киевтің Вашингтонға тәуелділігін арттыратынын айтты.
Басылым есімдерін атамаған бірнеше украиналық шенеунік АҚШ-тың жаңа ұсынысын «тонау», «әділетсіз мәміле», «тиімсіз ұсыныс» деп атады.
Тіпті олардың бірі Украина президенті Владимир Зеленский Американың қаруынсыз да күресуге дайын екенін айтты. «Қолымызда тастан басқа ештеңе болмаса да біз күресті тоқтатпаймыз», — деді Financial Times-ке сұхбат берген шенеуніктің бірі.
Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Fox News-ке берген сұхбатында келісімге келесі аптада қол қойылатынын айтқан. Бірақ FT Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктерінің біріне сілтеме жасай отырып, Киев жақын арада мәміленің бұл нұсқасына келісуі екіталай деп жазады.