×
504.44
545.65
5.95
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.44
545.65
5.95

Экономикалық келіссөздер: Киев АҚШ-тан көбірек инвестиция алғысы келеді

30.03.2025, 10:00
Экономикалық келіссөздер: Киев АҚШ-тан көбірек инвестиция алғысы келеді
picture alliance/dpa/AFP Pool via AP

АҚШ-пен арадағы экономикалық келіссөздер аясында Украина Вашингтон тарапынан берілетін инвестиция көлемін ұлғайтуға үмітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Украина бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған экономикалық келісімге өзгерістер енгізуді сұрайды, деп жазады Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап. Ал Киев бұл келісімге америкалық инвестициялардың көлемін ұлғайту туралы міндеттемені қосқысы келеді.

Сонымен қатар ұсыныс жобасы Вашингтонға Украинадағы инфрақұрылым мен пайдалы қазбаларға салынатын барлық ірі инвестицияларды мерзімсіз бақылау құқығын беруді қарастырады. Осыған байланысты Киев бұл келісім елдің ЕО-ға кіру үдерісіне қауіп төндіріп, соғыс басталғалы АҚШ ұсынған барлық әскери және экономикалық көмекті өтеуді талап етуі мүмкін деп алаңдайды.

КИЕВ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Егер әріптестік туралы келісім қабылданса, АҚШ Украина экономикасының едәуір бөлігіне қатысты инвестициялық шешімдерді тиімді бақылауға алады. Оған тау-кен өндірісі, мұнай мен газ, маңызды пайдалы қазбаларды өндіру, сондай-ақ порттар, автомобиль және темір жолдар кіреді, – деп жазды агенттік.

Сонымен қатар, украиналық шенеуніктер америкалық әріптестерімен әңгіме барысында ұсынылған құжатқа қатысты өз алаңдаушылықтарын білдіргені атап өтіледі. АҚШ тарапы бұған түсіністікпен қарап отыр.

Бұл Вашингтонның өзгерістерді талқылауға ашық болуы мүмкін екенін көрсетеді, – деп жазды Bloomberg аты-жөні аталмаған дереккөздің пікірін алға тартып.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ Киевке 23 наурызда жіберген жобада сирек кездесетін металдар туралы алғашқы ұсыныс айтарлықтай кеңейтілген. Америка енді келісім бойынша украиналық табиғи ресурстарды, соның ішінде мұнай мен газды да бақылауға алғысы келетінін аңғартқан. Сондай-ақ АҚШ табиғи ресурстарды пайдалану инфрақұрылымына қатысты инвестицияларды бақылауға алуды көздейді. Бұл – темір жолдар мен автомобиль жолдары, порттар, шахталар мен қайта өңдеу зауыттарына қатысты инвестициялар. Осылайша Вашингтон соғысты тоқтатуға және үш жылға созылған соғыста Киевке әскери көмек ретінде берілген миллиардтаған долларды қайтаруға тырысады.