×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

Маңғыстаулықтардың ереуіліне басқа облыстар да қосыла бастады

04.01.2022, 14:27
Фото: Скриншот

Жаңаөзенде басталған халықтың наразылығы республиканың басқа өңірлеріне де ұласа бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Маңғыстаулықтарға бірінші болып үн қосқандардың қатарында атыраулықтар мен батысқазақстандықтар бар. Көшеге жүздеп шыққан екі өңірдегі халықтың қарасы мол. Белгілі заңгер Абзал Құспан фейсбуктегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, оралдықтардың жиналып жатқанын көрсетті. Заңгер таратқан видеода белсенділердің полиция қызметкерлерін халыққа қарсы шықпауға шақырып жатқаны байқалады. Оралда наразылық білдіргендер Сырым Датұлы көшесі бойымен орталық алаңға кетіп барады. Ал Атыраудағы халық жолдарды жауып тастаған. Екі қалада да көшеге шыққан халықты құқық қорғаушылар қоршамаққа талпынғанымен, наразылық сипаты үдеп барады.

Атырауда орталық алаңға шыққан халық полициядан белсенді Макс Боқаевты босатуды талап етіп жатыр.

Ал Ақтаудағы орталық алаңға шыққан халықты қолдау үшін Қаламқас кен орнындағы жұмысшылар жұмысын тастап, 300 шақырым жердегі Маңғыстау облысының орталығына жаяу шығып кеткен. Оларды Ақтауға жеткізу үшін осы қаладан көліктер шыққаны хабарланды.

Жекелеген белсенді азаматтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Өскемен, Қызылорда қалаларында жиналып, маңғыстаулықтарды қолдайтынын білдіріп жатыр. Ірі қалаларда көшеге шыққан азаматтарды полиция қызметкерлері ұстап, полиция бөлімшелеріне алып кетуде.

Қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министр құрған үкіметтік комиссия өңірге келіп, өз жұмысын бастаған. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған президент әкімшілігінің, энергетика министрлігінің, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Серіктес жаңалықтары