×
$
455.63
€
507.89
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455.63
€
507.89
₽
5.65

Суперкомпьютер бар, нәтиже жоқ: Қазақстанның цифрлық экономикасы қандай болуы керек

Бүгін, 12:53
Суперкомпьютер бар, нәтиже жоқ: Қазақстанның цифрлық экономикасы қандай болуы керек
Фото: ЖИ

Президент өз Жолдауында Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым дамып жатқанымен, нақты нәтиже әлі де көзделген межеден төмен екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сөз бен істің арасы алшақ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан цифрлық экономика құру жолына енді ғана түсті. Суперкомпьютерлер іске қосылып, инфрақұрылым дамып жатқанымен, ендігі міндет – дабыралы мәлімдемелерден нақты іске көшу.

«Мойындау керек, әзірге бізде істен гөрі сөз көп. Кейде нақты цифрландырудың орнына қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен және түрлі іс-шара өткізумен шектеліп қаламыз», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, цифрлық өзгерістер жай ғана есеп үшін атқарылатын жұмысқа айналмауы керек. Сондай-ақ қымбат бағдарламаларды олардың нақты пайдасын түсінбей сатып алумен шектелуге болмайды.

Суперкомпьютерлер 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда қазірдің өзінде екі суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін үшіншісін іске қосу жоспарланған. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмысы аяқталып, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы жалғасып жатыр.

Тоқаев мұның бәрі елдің технологиялық дамуына бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Енді құрылған инфрақұрылымды экономиканың нақты мәселелерін шешуге пайдалану қажет.

Президент жасанды интеллект, блокчейн және цифрлық платформалар арқылы коммерциялық жобаларды дамытудың маңызын да айтты. Осы мақсатта цифрлық технологияларды экономикада іс жүзінде қолдану бағдарламасын әзірлеу қажет.

Кімнен оздық?

Мемлекет басшысы миллиондаған қазақстандық күн сайын онлайн сауда алаңдарын, тамақ жеткізу қызметтерін, такси шақыру қосымшаларын және банк сервистерін пайдаланатынын атап өтті. Оның сөзінше, банк қызметтерін цифрландыруда Қазақстан технологиясы дамыған деп саналатын көптеген елден озып кеткен.

«Елімізде интернет қолжетімді, цифрлық инфрақұрылым жақсы дамыған. Қазір кез келген азамат үйінен шықпай-ақ бірнеше минутта банк шотын ашып, бөліп төлеуге рәсімдеп немесе тауар сатып ала алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда президент цифрлық қызметтерге қол жеткізудің өзі жеткіліксіз деп санайды. Келесі кезеңде бұрынғы қызметтерді интернетке көшірумен ғана шектелмей, азаматтардың мүмкіндігін кеңейту қажет.

Қазақстанның цифрлық экономикасы қандай болуы керек?

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда өнімділігі жоғары цифрлық экономиканы дамытуға қажетті алғышарттар бар. Олардың қатарында дамыған инфрақұрылым, қолжетімді интернет және білімді, жаңашыл жастар бар.

Президент цифрлық өзгерістерге қатысты ұстанымды қайта қарап, халық пен бизнеске нақты пайда әкелетін нәтижелерге басымдық беру керек екенін айтты.

«Қазір жиі айтылатын сөзбен жеткізсек, парадигманы өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарауымыз керек. Мақсатымыз – шын мәнінде халыққа қызмет ететін цифрлық экономика құру», – деді мемлекет басшысы.

Хуанг не деп еді?

Айта кетейік, өткен аптада NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келді. Ол Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп, AI-мемлекетке айналу бағытын таңдағанын жоғары бағалады. Оның айтуынша, көптеген ел жасанды интеллект экономикасын қалай құру керегін әлі талқылап жатқанда, Қазақстан нақты іске кірісіп кеткен. Әлемдік технология индустриясының қалыптасуына тікелей ықпал етіп отырған адамның мұндай бағасы, әрине, назар аударуға тұрарлық.