Қазақстан тарихындағы бокстан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы, Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесуі туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.л
“ДУХЫМ ЖЕТПЕДІ...”
Оқиға наурыз мейрамына арналған іс-шара кезінде болған. Үш дүркін әлем чемпионын құрметті қонақ ретінде сонда шақырған. Ақорда жариялаған суреттен оның Тоқаевтың оң жағына жайғасқанын көруге болады.
“Қызық Live” бағдарламасында Назым сол сәттің қалай болғанын баяндап берді.
«Наурызға қарсы мерекелік іс-шара өтті. Сол жерге шақырған болатын. Сол жерде президенттің жанында отырдым. Біз үшін бұл үлкен мәртебе ғой. Қуаныштымыз», — дейді ол.
Бағдарлама жүргізушілері Назымнан мемлекет басшысымен не туралы сөйлескенін сұраған.
«Өзім енді сөйлеспеймін ғой, біртүрлі болады ғой. Тыныш, түзу отырасың ғой. Негізгі керемет көңіл күйде болдық. Концерт барысында сөйлесті. Ал енді өзім сөйлесуге «духым» жетпей тұрды ғой. Жарыс қалай өткені, алдағы мақсаттар туралы сұрады. Құттықтады. Әлем чемпионы болғанда интернет желісінде жариялап құттықтады. Керемет сезім», — деді Назым Қызайбай.
БҰҒАН ДЕЙІН
Наурызда этно стильмен киінген спортшы желі оқырмандарының ықылысына бөленген еді.
Бұл жолы бұрымды қыз ел алдына спорттық киіммен емес, әдемі қызғылт көйлек киіп, ұлттық зергерлік бұйымдарды тағып шықты. Әдетте шаршы алаңда атой салып, қарсыласының «шаңын қағатын» батыл қызды көріп үйреніп қалған жанкүйерлері оның ерекше стиліне сүйсінді. Көз арбаған көркі мен келісті сымбатына желі қолданушылары таңдай қақты. Ұлттық әшекей бұйымдар да Назымға әдемі жарасып, ажарын аша түскен. Сұлулыққа сұқтанған көпшілік жұрт әлеуметтік желіде «Сіз қандай әдемісіз!», «Хас сұлудың өзі», «Керемет!» деп пікірлерін бүкпесіз жазып жатты.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Назым Қызайбай – белгілі қазақстандық боксшы. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы (2014, 2016, 2025), Азия чемпионы (2021) және Қазақстанның жеті дүркін чемпионы.
Көпбалалы отбасында өскен Назым – бес баланың ішінде үшіншісі. Ол Алматыдан 47 шақырым жердегі Жетіген ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан спортқа қызығушылық танытып, боксты жанына серік еткен.