АҚШ билігі Оңтүстік Судан азаматтарының барлығына берілген визаларды кері қайтарып жатқанын хабарлады. Бұл – Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі қабылдаған алғашқы осындай шара. Елден бірнеше жүз адам депортациялануы мүмкін, деп жазады Ulysmedia.kz.,
АҚШ БИЛІГІНІҢ ШЕШІМІ
Мен Оңтүстік Судан азаматтарына берілген барлық визаларды жою және оларға болашақта виза беруді шектеу туралы шешім қабылдадым. Бұл – олардың АҚШ-қа кіруінің алдын алу шарасы. Шешім дереу күшіне енеді, өйткені Оңтүстік Суданның өтпелі үкіметі өз азаматтарын уақытылы қабылдаудан бас тартты, – деп жазды Рубио X әлеуметтік желісінде.
Мемлекеттік департамент сайтында жарияланған мәлімдемеде: «Оңтүстік Судан билігі толыққанды ынтымақтаса бастағанда, бұл шешімді қайта қарауға дайын боламыз» делінген.
Оңтүстік Судан азаматтарына визаны жаппай кері қайтару – Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі қабылдаған алғашқы елдік шектеу. 2025 жылдың наурызында АҚШ билігі Куба, Гаити, Никарагуа және Венесуэладан келген 500 мың мигрантты елден шығару жоспарын жариялаған. Алайда ол тек арнайы бағдарламамен келгендерге қатысты еді. Ал бұл жолы шектеу бір мемлекеттің барлық азаматтарына бірдей қолданылып отыр. АҚШ-та бірнеше жүз оңтүстіксудандық бар
Джо Байден әкімшілігі кезінде АҚШ Оңтүстік Судан азаматтарына 2025 жылдың 3 мамырына дейін уақытша қорғалған тұлға (Temporary Protected Status — TPS) мәртебесін берген. 2023 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, АҚШ-та бұл мәртебеге 133 оңтүстіксудандық ие болған, тағы 140 адам оған өтініш беруге құқылы еді.
ОҢТҮСТІК СУДАН ЖАЙЛЫ
Оңтүстік Судан 2011 жылы Суданнан бөлініп, тәуелсіз мемлекетке айналды. Бұған діни (солтүстікте ислам, оңтүстікте христиандық) және этникалық (солтүстікте арабтар, оңтүстікте африкалық ұлттар) қайшылықтар себеп болған. 2013 жылы елде азаматтық соғыс басталып, ашаршылық пен індеттер өршіді. Бүгінде Оңтүстік Судан – әлемдегі ең кедей елдердің бірі, мыңдаған тұрғыны босқынға айналған.