Қазақстанда соғысқа шақыратын жарнамалардың қаптап кетуіне байланысты ІІМ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ МӘЛІМДЕМЕСІ
ІІМ мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ақшалай сыйақы үшін басқа мемлекеттердің қарулы күштерімен келісімшартқа отыруды ұсынатын жарнамалар мен бейнероликтер шыға бастаған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа қайшы қатысқаны үшін (ҚР ҚК 172-бабы) бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Жалдамалылық үшін (ҚР ҚК 170-бабы) іс-әрекеттің ауырлығына қарай жеті жылдан бастап, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. ІІМ азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырады.
СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАНДАРДЫҢ ЖАЗАСЫ
Еске салайық, заңгер Айман Омарова осы ретте Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ресей үшін соғысқан қазақтар елге келсе қанша жылға сотталатынын айтып берген еді.
Заңгер Айман Омарованың сөзінше, шетелде басқа мемлекеттің мүддесі үшін барып соғысу – қылмыс. Ол баптар бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар деп аталады.
Олар соғысқа Ресейдің атынан қатысып жатыр. Қылмыстық кодексте 170-бап бар. “Жалдамалылық” деп аталады. Соның 3 және 4 бөлігі бойынша қылмыстық құрам бар болуы мүмкін, – дейді ол.
Аталған баптың үшінші және төртінші бабы “жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуы” және “адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет” деп аталады. Осы қылмысты жасаған адамдардың мүлкі тәркіленіп, 7-10 жылға және 15-20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Төртінші бөлігі бойынша соттаса, тіпті Қазақстан азаматтығынан айырады.