Ресми дерек бойынша, 2024 жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам шетел азаматы келген. Бұл әсерлі статистика журналистердің ішінде күмән туғызып жатыр: осынша адам расымен елге келді ме, әлде ойдан шығарылды ма? Осы сұраққа бүгін туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство басшысының орынбасары Ержан Еркінбаевтың айтуынша, 2024 жылы елге келген шетелдік азаматтардың жалпы саны – 15,3 миллион адам. Алайда олардың барлығы турист ретінде есепке алынбайды.
Бұл статистикаға жұмыс істеуге немесе тұрақты тұруға келгендер кірмейді. Біз, өзге елдерге қарағанда, елге келгендердің бәрін турист деп атай салмаймыз. Қазақстанда бір тәуліктен артық аялдап, түнеген азаматтар ғана турист ретінде тіркеледі. Осындай шетелдік туристердің нақты саны – 10,4 миллион адам. Оның ішінде 1,3 миллионы қонақ үйлер мен хостелдерде тіркелген. Қалғандары туыстарында тоқтауы, шатырда түнеуі мүмкін, кейбір орналастыру орындары мәліметті дұрыс бермей жатады. Осы олқылықтарды жою үшін салаға цифрлық бақылау жүйесі енгізіліп жатыр, – деді Еркінбаев.
Сондай-ақ, вице-министр Қазақстанға келген туристердің орташа шығыны туралы да мәлімет берді. Айтуынша, министрлік банк транзакцияларын анонимді түрде талдауға мүдделі.
Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, алыс шетелден келген туристер Қазақстанда орта есеппен 3–4 күн аялдап, осы аралықта шамамен 1,5 мың АҚШ долларын жұмсайды. Алайда мұндай орташа мәлімет жеткіліксіз. Сондықтан біз нақты елдер бойынша — Үндістан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Еуропа елдері бойынша — нақты туристік чек көлемін көргіміз келеді. Бұл үшін бізге жеке емес, дербестендірілмеген банк транзакциялары қажет, – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда экотуризм бойынша ұлттық стандарт әзірленгені хабарланған.