×
521.9
593.5
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.9
593.5
6.39

Доллар қайта күрт қымбаттаған сәтте Ұлттық банк шұғыл мәлімдеме жасады

08.04.2025, 15:14
Доллар қайта күрт қымбаттаған сәтте Ұлттық банк шұғыл мәлімдеме жасады
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық банк доллар мен еуроның қымбаттауына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ұлттық банк АҚШ президенті әкімшілігінің бірқатар саяси шешіміне байланысты жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылық күшейгенін хабарлайды. Сауда шиеленісі мен протекционистік риторика күшейе берсе, жаһандық рецессия басталуы мүмкін деген нарық қатысушыларының алаңдаушылығы да арта түскен.

Нарықтар тәуекел етуге деген құлшынысты күрт сейілтіп, тәуекелді активтерді құнсыздандыру арқылы осы жағдайға реакция білдіріп жатыр. АҚШ-тағы негізгі қор индекстерінің динамикасы қазір теріс аймақта тұр. Сонымен қатар, мұнай бағасы да айтарлықтай арзандады. «Қара алтынның» бағасы 2025 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша бір апта ішінде (31 наурыз бен 7 сәуір аралығында) 14,1%-ға төмендеп, барреліне $65-тен төмен түсті. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұнай өндірісіне қойылған шектеулерді тез арада алып тастауға қатысты ОПЕК+ ұйымының бұған дейін қабылдаған шешімі және Азия елдеріне барлық мұнай маркасының бір баррелін $2,3-ке төмендететіні туралы Сауд Арабиясының мәлімдемесі мұнай бағасына қосымша қысым түсірді. Осылайша, баға 2022 жылғы қазаннан бері айтарлықтай төмендеді, – делінген мәлімдемеде.

Мұнай бағасының құлдырауы мен әлемдегі белгісіздіктің күшеюіне байланысты дамушы нарықтар (ЕМ) мен шикізатқа негізделген экономикалардың валютасы әлсіреп жатыр. Осылайша, дамушы елдердің валюта индексі бір апта ішінде 1,8%-ға әлсіреген (2025 жылғы 31 наурыз бен 7 сәуір аралығында). Оңтүстік Африка ранды 7,3%-ға, Ресей рублі 3,8%-ға, Бразилия реалы 3,5%-ға, Индонезия рупиясы 1,5%-ға, ал Мексика песосы 1,1%-ға арзандаған.

Жаһандық нарықтардағы құбылмалылықтың артуы мен негізгі экспорт тауарлары бағасының теріс динамика беруінен 7 сәуір күні KASE саудасында теңгенің биржадағы бағамы 1 АҚШ долларына 519,12 теңгені құрап, алдыңғы сауда күнінен бері 2,7%-ға әлсіреді (бір апта ішіндегі әлсіреу көрсеткіші – 2,9%). Ұлттық валютаға сыртқы факторлар, соның ішінде әлем бойынша тәуекел-сентименттің нашарлауына байланысты бейрезиденттердің шетел валютасына деген сұранысы артқаны ықпал етіп отыр. Сұраныстың өсуі сауда көлемінің ұлғаюына да әсер етті: 7 сәуірдің қорытындысы бойынша KASE-дегі операциялар көлемі 456,4 млн АҚШ долларына жетті. Бұл – жыл басынан бергі бір күндегі орташа көлемнен шамамен екі есе артық, – дейді ҰБ.

Ұлттық банк бюджет трансферттері мен аффинаждалған алтынды сатып алуға байланысты ақша-кредит саясатының бейтараптығын сақтау мақсатында шетел валютасын сату операциялары арқылы ұлттық валютаға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Бұл операциялар бұған дейін жарияланған көлемде жүзеге асырылып жатыр.

Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, айырбас бағамын тұрақсыздандыратын шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға дайын, – делінген мәлімдемеде.

ВАЛЮТА НАРЫҒЫ

8 сәуірде Қазақстандағы айырбастау пункттерінде доллар мен еуро күрт қымбаттады. Елдің екі ірі мегаполисіндегі айырбастау пункттерінде доллар мен еуро бағамы айтарлықтай өскен. Долларды сатып алу құны 516,89 теңге, сату құны 520,80 теңге болды.

Серіктес жаңалықтары