Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бұқаралық ақпарат құралдарынан қосымша құн салығын алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАҚ МӘСЕЛЕСІ
Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, қазіргі жаңа салық кодексі дәл осы бағытта қабылданатын болса еліміздегі БАҚ-қа түсетін салықтық салмақ артайын деп отыр.
- Ал біз әлемде ақпараттық соғыс қалай жүріп жатқанын білеміз. Әр ел ақпараттық тұрғыда өзін қауіпсіздендіруге тырысып жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан егер БАҚ-қа қосымша құн салығы 16 пайызға жететін болса, сәйкесінше бұл біздің еліміздегі БАҚ-тың, өзіміздің іштегі азаматтарымызға қажет жобалар жасауына, қажет дүниелерді жолдауына немесе бәсекелестікке қабілеттігіне кері әсер етеді. сәйкесінше елімізде шетелдік БАҚ қаптайды және шетелдік жобалар көбейеді деген сөз. Бұл үлкен қауіп, дейді депутат.
Депутат облыстық, аудандық, қалалық газет, журналдарда жұмыс істейтін журналистер аз жалақыға әрең күн көріп отырғанын айтты.
- Егер оларға салынатын қосымша құн салығы 16 пайыз болса, көбісі жабылып тынады. ауданда ақпарат құралынсыз қалады, ал әріптестеріміз жұмыссыз қалады. Сондықтан екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі - отандық газет, журналдарға қосымша құн салығын алып тастау немесе 0 пайыз қылу. Екінші - отандық ресми тіркелген телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарға қосымша құн салығын 10 пайыз деңгейінде қалдыру, дейді депутат.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕДІ
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БАҚ-қа 16 пайыз құн салығы қалатынын айтты.
- Қазіргі уақытта БАҚ-тарға 16 пайыз қосымша құн салығын жолдаймыз. Сондықтан ешқандай жеңілдіктер көзделмейді. Ол әрбір БАҚ-тың жыл сайынғы есептеген тауар айналымына байланысты болады. ҚҚС-тың шекті мәнін қолдадық. 40 миллион деп. Одан асса ҚҚС төлейді. Ол ақиқатты зат деп есептеймін. Шетелдік БАҚ келсе, олар да төлейді. Әрбір БАҚ-тың бәсекеге қабілеті оның ақпарат беруіне байланысты деп ойлаймын. Журнал, газет, интернет, радио деп бөлу дұрыс емес деп есептеймін, дейді Жұманғарин.