Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің жақын туыстарының істеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАС ПРОКУРАТУРА МӘЛІМДЕМЕСІ
Бұған дейін бұрынғы спикердің ұлы мен бауырларына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын.
Ұлы Нұрлановқа және Ерлан Зайроллаұлына (ағасы - еск.) арыздар түсті, олар қазір қаралып жатыр, - деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенатта өткен брифингте.
Ол Арғын Нығматулинге де қатысты бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Оған халықаралық іздеу жарияланған. Оның орналасқан жерін анықтағаннан кейін экстрадициялау шаралары қабылданады, - деді Бас прокурордың орынбасары.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салсақ, бұған дейін Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ Бас прокуратура Арғын Нығматулинге және тағы бірнеше адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Сот Нығматулинді қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына рұқсат берді.