2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Ресей Еуроодақ елдеріне небары 10,458 миллиард текше метр табиғи газ экспорттады. Бұл көрсеткіш – Украинадағы соғыс басталғалы бері ең төменгі деңгей және кем дегенде 1980 жылдан бергі ең аз көлем, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ РЕСЕЙДІ АЙНАЛЫП ӨТІП, ГАЗ БОЙЫНША ЕКІНШІ БОЛДЫ
2025 жылдың бірінші тоқсанында Еуроодаққа газдың негізгі көлемі Норвегиядан құбыр арқылы жеткізілді – 23,593 млрд текше метр. Екінші орында – АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ (СПГ): 18,393 млрд текше метр. Ал Ресей үшінші орында – 10,015 млрд текше метрмен шектелді.
Бұл – 2024 жылдың екінші тоқсанынан бері АҚШ-тың Ресейден алғаш рет газ жеткізуде алға шыққан сәті.
КЕҢЕС ДӘУІРІНЕН БЕРІ БОЛМАҒАН ДЕҢГЕЙ
Ресей газ экспортының қазіргі деңгейі – ширек ғасырлық минимум. Украинадағы соғыс басталғалы газ көлемі үздіксіз төмендеп отыр: 2021 жылдың соңынан 2023 жылдың ортасына дейін жеткізілім 3,5 есеге қысқарды. 2024 жылдың соңына қарай көрсеткіш сәл өскенмен, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қайта құлдырады.
Салыстыра айтсақ, 1980 жылы КСРО Батыс Еуропаға бір жылда 50 миллиард текше метрден астам газ экспорттаған.
ЕУРОПАҒА РЕСЕЙ ГАЗЫ ҚАЛАЙ ЖЕТЕДІ?
Бүгінде Ресей Еуроодаққа тек бір ғана газ құбыры арқылы – «Түрік ағыны» арқылы газ жеткізуде. Бұл құбыр Венгрия, Словакия сынды санаулы елдерге бағытталған. Bruegel дерегіне сай, бұл құбыр арқылы жеткізілім 2025 жылдың ақпанында апта сайын 398 млн текше метрге жетіп, содан бері 25%-ға азайған.
Сонымен қатар, ресейлік сұйытылған газ (СПГ) теңіз танкерлерімен тасымалдануда. Бұл жеткізілім 2024 жылы өскенмен, 2025 жылдың басында қайта азайған. Қаңтар-наурыз аралығында ЕО елдеріне 5,7 миллиард текше метр ресейлік СПГ жеткізілген.