×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды күшейтпек – Зеленский себебін түсіндірді

Бүгін, 10:56
Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды күшейтпек – Зеленский себебін түсіндірді
Ulysmedia.kz коллажы

Украина Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды жиілетуді жоспарлап отыр. Владимир Зеленскийдің айтуынша, Киев мұны Ресейдің Украина энергетикасы мен өзге де инфрақұрылым нысандарына шабуылды күшейтуіне жауап ретінде қарастырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Зеленскийдің сөзінше, Украина тарапы Ресейдің қыс қарсаңында соққы жасалатын нысандар тізімін кеңейтуді жоспарлап отырғанын көрсететін құжаттар алған.

Оның айтуынша, энергетика нысандары, көлік инфрақұрылымы, жолдар, мектептер мен ауруханалар шабуыл нысанасына айналуы мүмкін.

Украина президенті Киевтің Ресей аумағындағы азаматтық нысандарға соққы беруді жоспарламайтынын, алайда мұнай инфрақұрылымына бағытталған шабуылдарды күшейтетінін мәлімдеді.

– Олар біздің энергетикамызға соққы жасаса, біз де олардың энергетикасына жауап беруіміз керек. Ең алдымен, осы соғысты қаржыландыруға табыс әкелетін мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасаймыз, – деді Зеленский.

Сонымен қатар, ол Украина бейбіт тұрғындар орналасқан нысандарға ретсіз соққы жасауды жоспарламайтынын айтты.

Ресей Киевке шабуылды күшейтті

Кейінгі күндері Ресей күштері Киевке жасалатын соққыларды күшейтті.

Шабуылдар кезінде елорданың энергетикалық, көлік және өзге де инфрақұрылым нысандары зақымданған.

Сондай-ақ, Днепр өзені арқылы өтетін көпірлер де соққыға ұшырап, қаланың екі бөлігі арасындағы қатынас қиындаған.

Мәскеу өз кезегінде Украинадағы әскери инфрақұрылыммен байланысты нысандарға ғана соққы жасайтынын айтып, азаматтық нысандарды әдейі көздемейтінін мәлімдеп келеді.

Зеленский келіссөзге қатысты белгі байқамағанын айтты

Зеленский Мәскеуден энергетика нысандарына шабуылды тоқтатуға немесе бейбіт келіссөздерге қайта оралуға дайын екенін білдіретін белгі көрмегенін айтты.

Бұған дейін Дональд Трамп әлемдік жанармай бағасының өсуіне қатысты алаңдаушылық аясында Киевті Ресейдің мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаудан бас тартуға шақырған еді.

Алайда Зеленскийдің мәлімдемесінен Украина мұндай соққыларды жалғастыруға ниетті екені байқалады.