HBO арнасы "Хәрри Поттер" туралы түсірілетін жаңа телехикаяның алғашқы актерлік құрамын бекітті. Variety басылымының хабарлауынша, бірнеше кейіпкердің рөлін белгілі актерлер сомдайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАСТЫ РӨЛДЕРДЕГІ АКТЕРЛЕР
Альбус Дамблдор – Джон Литгоу;
Минерва МакГонагалл – Джанет МакТир;
Северус Снейп – Паапа Эссьеду (қара нәсілді актер);
Рубеус Хагрид – Ник Фрост;
Квиринус Квиррелл – Люк Таллон;
Аргус Филч – Пол Уайтхаус.
"МЫҚТЫ ӘРТІСТЕР ҚҰРАМЫ ҚАТАРЫМЫЗҒА ҚОСЫЛДЫ"
Сериалда бірнеше бөлімді түсіретін продюсер әрі режиссер Марк Майлод:
"Бізге осындай тамаша таланттардың қосылғанына қуаныштымыз. Олар бұл сүйікті кейіпкерлерді жаңа қырынан ашып, жан бітіретініне сенімдіміз", – деп пікір білдірді.
ХӘРРИ, РОН ЖӘНЕ ГЕРМИОНА ӘЗІРГЕ ТАҢДАЛҒАН ЖОҚ
Басты үш кейіпкер – Хәрри Поттер, Рон Уизли және Гермиона Грейнджер рөлдеріне кастинг әлі аяқталған жоқ. 2024 жылдың күзінде HBO ашық кастинг жариялады. Оған 30 мыңнан астам адам қатысқан. Сериал түсірілімі биылғы жазда басталуы мүмкін.
АВТОР ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
ДЖ.К. РОУЛИНГ – "ХӘРРИ ПОТТЕР" ӘЛЕМІНІҢ АВТОРЫ
"Хәрри Поттер" – британ жазушысы Джоан Роулингтің әлемдік бестселлерге айналған сиқыршылар әлемі туралы фэнтези романдар сериясы. Бұл туынды арқылы ол әдебиет тарихында аты алтын әріппен жазылған авторға айналды.
КІТАПТАР СЕРИЯСЫ
Жеті кітаптан тұратын роман әлемнің 80-нен астам тіліне аударылып, 500 миллионнан астам данамен сатылды. Әр кітап мектеп оқушылары мен жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болды.
КИНО НҰСҚАСЫ
2001 жылдан бастап Хәрри Поттер туралы кітаптар Warner Bros. студиясы тарапынан сәтті экранизацияланып, сегіз фильмге айналды. Бас кейіпкерді Дэниел Рэдклифф сомдаса, Ронды Руперт Гринт, Гермионаны Эмма Уотсон ойнаған.
ЖАҢА СЕРИАЛ – ЖАҢА БАСТАМА
HBO-ның бұл жаңа сериалы "Хәрри Поттер" әлемін жаңа буын көрерменге жаңаша ұсынбақ. Әр маусым бір кітапқа негізделеді деген болжам бар.