Мәскеудің Нагатин аудандық соты журналистер Антонина Фаворская, Сергей Карелин, Константин Габов және Артем Кригерді бес жарым жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды «Медиазона» (Ресейде «шетелдік агент» ретінде танылған БАҚ). Сот оларды «экстремистік ұйымның жұмысына қатысқаны» үшін кінәлі деп таныды. Журналистер Алексей Навальный мен оның негізін қалаған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорының (ФБК) медиа ресурстары үшін фото және видео түсіріп, жариялаған. Ресейде ФБК 2021 жылдан бері экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС Орыс қызметіне сілтеме жасап.
SotaVision тілшісі (Ресейде бұл басылым да «шетелдік агенттер» тізіміне енгізілген) Антонина Фаворская (Кравцова) 2024 жылдың наурызында тұтқындалған. Мәскеу қалалық соттарының баспасөз қызметі оның ФБК үшін материал жинап, бейнероликтерді түсіріп, монтаждап, жариялағаны үшін айыпталғанын хабарлаған. Дәл осы ФБК-ны құрғаны үшін Алексей Навальный 19 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған болатын.
Тергеу Фаворскаяның ФБК-мен ынтымақтастығын экстремистік ұйымға қатысу (РФ Қылмыстық кодексінің 282.1-бабы 2-бөлігі – екі жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру) ретінде бағалаған. Журналист ретінде ол Алексей Навальныйдың қатысуымен өткен сот отырыстарын үнемі түсіріп отырған, соның ішінде Харп кентіндегі (Арктика шеңберінен тыс жерде орналасқан) колониядан бейнебайланыс арқылы өткен соттар да бар. Бұл процестер Навальныйға «экстремистік ұйым құрды» деген айыппен қозғалған «аналық іс» аясында өткен.
Навальный қайтыс болардың алдындағы соңғы күні Фаворская оны Владимир облыстық сотына бейнебайланыс арқылы қатысып отырған сәтте видеоға түсірген. Бұл – саясаткердің тірі кезіндегі соңғы видеосы. Оның серіктестері Навальныйдың өлімін — қасақана кісі өлтіру деп санап, бұл қылмысқа Ресей президенті Владимир Путинді айыптайды. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.
2024 жылғы наурызда Навальный жерленген Борисов зиратында видео түсіргені үшін Фаворская ұсталып, кейін полицияға «қарсылық көрсетті» деген айыппен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сотта Фаворская өзінің қуғындалуын бірнеше жылдан бері Навальныйдың сот процестеріне қатысып, оның қызметін жариялап келгенімен және оның көзқарасын бөлісетінімен байланыстырды.
Әкімшілік жазасын өтеп, арнайы қабылдау орнынан шыққан сәтте ол қайта ұсталып, сол кезден бері тергеу изоляторында (СИЗО) отыр.
Сот процесі Фаворскаяның қалауына қарсы түрде жабық режимде өтті. Тергеу процестің жабық болуын «ФБК-ның кейбір мүшелері халықаралық іздеуде» деген себеппен түсіндірді.
Бұл істе Фаворскаямен бірге тағы үш журналист өтті: оның әріптесі, SotaVision журналисі Артем Кригер және «Навальный Live» YouTube арнасының екі фрилансері — видеооператор Сергей Карелин мен журналист Константин Габов.
Карелин бұған дейін Associated Press пен Deutsche Welle (екеуі де Ресейде «шетелдік агенттер» тізімінде) ұйымдарымен жұмыс істеген. Габов болса Reuters агенттігімен және Беларусьтегі «Белсат» басылымымен әріптестік орнатқан. Бұл үшеуі 2024 жылғы 28 сәуірде Ресейдің әртүрлі аймақтарында бір мезгілде ұсталып, сол уақыттан бері түрмеде отырған.