×
$
440.86
€
500.77
₽
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
440.86
€
500.77
₽
5.27

Жанәбіловтің соты: ерлі-зайыпты журналистерді залдан шығаруды сұрады

Бүгін, 18:05
Жанәбіловтің соты: ерлі-зайыпты журналистерді залдан шығаруды сұрады
Ulysmedia коллажы

Астанада блогер Ерболат Жанәбілов пен оның әйелі Эльмира Төлегенова арасындағы жанжалға қатысты сот отырысы басталды. Ерлі-зайыпты жеке өміріне қатысты мәселелер талқыланатынын айтып, процеске журналистерді қатыстырмауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер сот залынан шықты

Әуелі Жанәбілов өтініш білдірді.

– Сот отырысында мені түсірмеуді және БАҚ өкілдерін залға кіргізбеуді сұраймын. Себебі мұнда менің жеке өмірім мен жеке қарым-қатынастарыма қатысты мәселелер қаралады, – деді ол.

Эльмира Төлегенова да оның өтінішін қолдады.

Судья Асия Дошанова тараптардың өтінішін қанағаттандырды.

– Тараптар істі жабық режимде қарау туралы өтініш білдіргеніне байланысты БАҚ өкілдерінен сот залынан шығуды сұраймын, – деді судья.

Іс сотқа қалай жетті?

Ерлі-зайыпты арасындағы жанжал алдыңғы күні кешке болған. Эльмира Төлегенова киім ілетін бөлмеде өзінің қамалып отырған сәтін видеоға түсіріп жариялаған. Оның айтуынша, күйеуі телефонын тартып алып, өзі жариялаған стористерді өшіруге тырысқан.

Полиция ерлі-зайыптының сөзге келіп қалғанын хабарлады. Төлегенова арыз жазудан бас тартқан. Кейін ол жанжал кезінде күш қолданылмағанын нақтылады.

Соған қарамастан Жанәбіловке отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттерге байланысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан бөлек, сотқа тағы бір эпизод бойынша материалдар жолданған. Полиция мәліметінше, 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін Жанәбілов пробациялық бақылау кезінде көрсетілген мекенжайда болмаған. Бұл пробациялық бақылау талаптарын бұзу ретінде бағаланған.

Еске салайық, сәуірде Жанәбілов пробациялық бақылау белгіленіп, екі жылға шартты түрде сотталған.