Чехия премьер-министрі Петр Фиала елінің ресейлік көмірсутектерден толықтай бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Енді Чехияның мұнайға деген қажеттілігін Каспий өңірі, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері өтейді.
"Біздің тарихымызда алғаш рет Чехия Ресейден бөлек мұнаймен қамтылады", – деді Фиала 17 сәуір, бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.
МҰНАЙ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕН КЕЛЕДІ?
Премьер-министрдің айтуынша, Чехия енді Каспий маңы елдерінен, Таяу Шығыстан және Солтүстік Африкадан мұнай алып отыр. Бұл мұнай Трансальпийлік (TAL) құбыр желісі және оның IKL тармағы арқылы жеткізіледі. Аталған инфрақұрылымды кеңейтуге 60 миллион еуро жұмсалған.
TAL құбыры Италияның Триест портынан басталып, Оңтүстік Германия арқылы Чехиядағы IKL құбырымен жалғасады. Бұл құбыр арқылы жылына 8 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауға болады. Бұл көлем Чехияның қажеттілігін толық өтей алады, дейді Фиала.
Сонымен қатар, Чехия ресейлік газ сатып алуды да тоқтатқан. Енді ел жыл соңына дейін атом электр станцияларында ресейлік уран қолдануды доғаруды жоспарлап отыр.
60 ЖЫЛДЫҚ ТӘУЕЛДІЛІККЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛДЫ
60 жыл бойы Чехия "Дружба" құбыры арқылы Ресейден мұнай алып келген болатын. Еуроодақ ресейлік мұнай импортына шектеу қойған кезде Чехия бұл шектеуден босатылған, себебі баламалы жолдар болмаған. Алайда биыл наурыз айының басында, TAL құбырының кеңейтілуінен кейін, "Дружба" арқылы тасымал тоқтатылды.