Ресей мен Украина әскери қызметкерлердің мәйіттерімен алмасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РФ мемлекеттік думасының депутаты, әскери операция мәселелері жөніндегі парламенттік үйлестіру тобының өкілі Шамсаил Саралиевтің нақтылауынша, Ресей Украинаға 909 мәйітті қайтарып беріп, өзіне 41 адамның денесін алған.
«Коммерсантъ» басылымы соңғы рет тараптар мәйіттерді 28 наурызда алмастырғанын еске салады. Сол кезде Ресейге 43 мәйіт қайтарылып, Украинаға 909 адамның денесі берілген еді. Ал ақпанда ресейлік тарап украиналық әскери қызметкерлердің 757 мәйітін тапсырып, 45 адамның денесін алған болатын.
19 наурызда Ресей мен Украина биылғы жылы үшінші рет әскери тұтқындар алмасқан еді. Ол кезде «175-ке 175» формуласы бойынша айырбас жасалды. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сол кезде «игі ниет белгісі ретінде» Ресей тарапы ауыр жараланған 22 әскери қызметкерді қосымша қайтарған. Тұтқындарды тапсыру процесі БАӘ-нің арағайындығымен өткен.
Бұған дейін бүгін Украина АҚШ-пен қол қойған меморандумның егжей-тегжейін жариялаған болатын.