Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресей әскерлерінің арасында қаза тапқандардың аты-жөнімен расталған саны 103 275 адамға жетті. Бұл деректерді BBC-дің Орыс қызметі, «Медиазона» және еріктілер тобы жүргізіп отыр. Ақпарат 2025 жылдың 18 сәуіріндегі жаңартылған тізімге негізделген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЛІССӨЗДЕР КЕЗІНДЕГІ ҚАНТӨГІС: ҚЫРҒЫНДЫ КҮНДЕР САНЫ КӨБЕЙГЕН
2025 жылғы 11 ақпан мен 16 сәуір аралығындағы Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздер кезеңінде, алдыңғы үш аймен салыстырғанда, қаза тапқан ресейлік сарбаздарға арналған некрологтар едәуір артқан. BBC мәліметінше, ақпан айында күніне орта есеппен 234 некролог жарияланған. Бұл 2024 жылғы орташа көрсеткіштен бір жарым есе жоғары.
ҚАЙҒЫЛЫ ТАҒДЫР: 18 ЖАСТАҒЫ СТУДЕНТ СОҒЫСҚА КЕТІП, ОРАЛМАДЫ
Аналитиктердің мәліметі бойынша, келіссөздер жүріп жатқан уақытта қаза тапқандардың қатарында 18 жастағы Татарстаннан шыққан Данил Александров та бар. Ол Санкт-Петербургтегі МЧС университетінде оқуды тастап, Ресейдің десанттық әскеріне келісімшартпен кірген. Журналистердің анықтауынша, ол 10 сәуір күні көз жұмған.
ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ – БҰРЫН ӘСКЕР ҚАТАРЫНДА БОЛМАҒАНДАР
Зерттеулерге сәйкес, қаза тапқандардың 52%-ы соғыс басталар кезде Ресей Қарулы күштеріне мүше болмаған. 16%-ын — түрмеден шыққан бұрынғы сотталғандар, ал 12%-ын — мобилизацияланған азаматтар құрайды.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР – ТЕК 17%
Қаза тапқандардың 25%-ы — соғыс басталғаннан кейін ерікті түрде келісімшартқа отырғандар. Ал кәсіби әскери қызметкерлердің үлесі небәрі 17% ғана.
ЗЕРТТЕУ НЕНІ ҚАМТЫМАЙДЫ?
BBC, «Медиазона» және еріктілердің мәліметі басқа ел азаматтарын қамтымайды. Осыған байланысты, зерттеу Ресей жағында соғысып жатқан «ДНР», «ЛНР» күштерін, Солтүстік Кореядан келген жауынгерлер мен өзге де шетелдік жалдамалыларды есепке алмайды.