23 жастағы Қызылорда тумасы Кристина азаматтық некедегі серігін өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
"НеМолчи" қоғамдық қорының мәліметінше, қыз Алматыға көшіп келіп, өзінен 35 жас үлкен ер адаммен қарым-қатынас орнатады. Ол бір жыл бойы физикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал соңғы жанжал қайғылы аяқталған.
– Ол оны ұрған, азаптаған. Қыз кетіп қалған, ал ер адам қайтып келуін өтінген, ол қайта барған. Кезекті жанжал қайғылы аяқталды — Андрей Кристинаның аяғына пышақ сұғып алды. Өзін қорғау үшін ол оны өлтірді. 2024 жылғы қыркүйектен бастап Кристина тергеу изоляторында отыр, — деп хабарлады "НеМолчи" қоры.
СОТ ҮКІМІ
Қордың хабарлауынша, сот Кристинаны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
"НеМолчи" үкіммен келіспейтінін мәлімдеді:
– Сараптама ер адамның мас болғанын көрсетті. Ал Кристина мас болмаған, Кристинаның денесінде терең пышақ жарақаты, аяғында ауыр жарақаттар болған. Ол серігінің көз жұмғанын түсінген кезде, өзіне қол жұмсамақ болды.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, іс әуеліде дұрыс сараланбаған.
– Біз үкіммен келіспейміз, себебі істі бастапқыда дұрыс сараламады, Кристинаның жарақаттарын толық зерттемеді, үйде болған жағдайларды, Кристинаның денесіндегі жаралардың жүйелі түрде жасалған соққылар екенін анықтамады, – делінген қордың мәлімдемесінде.
ДИНА ТАҢСӘРІНІҢ ҰСТАЛУЫ
14 сәуір күні Черногорияда қазақстандық құқық қорғаушы, "НеМолчи" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталып, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Белсенді өз сөзінде бұл жағдайдың экстрадиция мәселесіне байланысты болатынын мәлімдеді. Алайда нақты не үшін ұсталғаны туралы оған ешқандай ақпарат берілмегенін айтты.
Сонымен қатар, күйеуі Алмат Мұхамеджанов Дина Таңсәрі қалай ұсталғанын айтып берген болатын.
Ал 15 сәуірде Дина Таңсәрі бостандыққа шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, Черногория соты оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.