Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қалай өзгергені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ АРЗАНДАДЫ?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың басынан бері жұмыртқа бағасы 3% төмендеген.
– Сәуір айы бойы жұмыртқа бағасының индексі тұрақты болды, ал 8–15 сәуір аралығындағы соңғы аптада баға өзгермеді. Мысалы, биылғы қаңтарда С1 санатындағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 548 теңге болса, ақпанда – 546 теңге, наурызда – 536 теңге, ал сәуірде – 531 теңге болған, – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады: күріш 4,7%, ұн 1,8%, қарақұмық 0,3% төмендеген.
Ал сүзбе, күнбағыс майы және макарон өнімдерінің бағасы тұрақты қалыпта қалды – кейінгі апта қорытындысы бойынша бұл өнімдердің бағасы өзгермеген немесе 0,1% шегінде ғана құбылған.
НЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
Ал кейбір көкөністердің бағасында қалыпты өсім байқалған: қырыққабат – 3,5%, сәбіз – 1,6%, пияз – 1,8% және картоп – 1,7% қымбаттаған.