22, 23 және 24 сәуір күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАУЫН, НАЙЗАҒАЙ
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің көптеген өңірінде жауын-шашын, найзағай, ал түнде солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда жаңбырдың қарға ұласуы мүмкін.
Тек Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында антициклон ықпалы сақталып, ауа райы жауын-шашынсыз болады.
Сондай-ақ республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түсуі де болжанып отыр.
ҮСІК
Синоптиктердің болжауынша, түнгі уақыттарда бірқатар облыста ауа температурасы минусқа дейін төмендеп, үсіктер күтіледі:
22 және 24 сәуір — Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында -3 градусқа дейін;
22 сәуір — Қарағанды облысында -1 градусқа дейін;
22–23 сәуір — Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында -1°С-тан -8 градусқа дейін;
24 сәуір — Ақмола мен Қостанай облыстарында -1…-3 градусқа дейін суытады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға және тиісті қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.