Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды тағы бір қылмыстық іске күдікті ретінде танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл ақпаратты Ұлысмедиаға Антикор өкілдері растады.
- Агенттік Сатыбалды Г.К. және басқа да тұлғаларға қатысты «VOSTOCHKA» көпфункциялы тұрғын үй кешенінің құрылысы кезінде жасалған заңсыз әрекеттер бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды, делінген жауапта.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 6 қаңтарда апелляция соты Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын. Оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша (126-бап - заңсыз бас бостандығынан айыру, 194-бап – аса ірі мөлшерде бопсалау, 389-бап – өзінше билік ету) айыпталған.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ЖАЙЛЫ
Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар (ұлы Бауыржан және екі қызы: Аружан мен Дария).
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұсталды. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.
Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген.