×
509.51
570.6
6.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.51
570.6
6.3

Абай Бегейдің қызы заңсыз ұтыс ойындарын тоқтатпай жүр

Абай Бегейдің қызы заңсыз ұтыс ойындарын тоқтатпай жүр
Фото: КТК

Әнші Абай Бегейдің қызы, блогер Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз ұтыс ойындарын өткізуді әлі доғарған жоқ. Былтыр ол лотерея ұйымдастырғаны үшін салық органдарына 1 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КТК мәліметінше, блогер заңсыз ұтыс ойынын ойнатуды тоқтатпаған. Жуырда ғана әлеуметтік желіде тағы бір ұтыс ойынын өткізіп, жеңімпазға 15 миллион теңге табыстағаны белгілі болды.

15 МЛН ТЕҢГЕ КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА БҰЙЫРДЫ

Бұл жолы жүлде Таразда тұратын көпбалалы анаға бұйырды. Қуанышын жасыра алмаған әйел видеода "ойын әділ өтті, сендер де қатысыңдар" деп, өзгелерді де қатысуға шақырған. Алайда әншінің қызы мемлекеттік органдардың бұған дейінгі ескертулеріне құлақ аспай, бұл жолы да заңды айналып өтпек болған. Ол аталған видеоны кейіннен желіден өшіріп үлгергенімен, желіде ұтыс ойындарына арналған жеке парақшасы әлі жүріп тұр.

Бұл парақша арқылы пайдаланушылар 100 теңгеден 1000 теңгеге дейінгі аралықта билет сатып алып, ойында бақ сынай алады.

БЛОГЕРЛЕР ДЕ ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

Ұтыс ойындарын өткізушілер қатарында блогер Сабина Мовлаева да бар. Ол жуырда ғана жеке кәсібін ашып, сатып алушыны 30 миллион теңгелік үйдің ұтысына қатысады деп жарнамалаған. Бұл блогер де салық органдарының бақылауына ілінген.

ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР НЕ ДЕЙДІ

Туризм және спорт министрлігіне қарасты ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің бас сарапшысы Асылбек Мұстафаевтың айтуынша, заңсыз лотерея ұйымдастыру фактілері тіркелсе, тиісті шаралар қолданылып, қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылады.

– Мұндай әрекет ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-бабының 7-бөлігімен реттеледі. Бұл бапта мүлікті тәркілеу қарастырылған. Егер ұйымдастырушы жеке тұлға болса – 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектісі болса – 750 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – деді ол.

БИЫЛ 23 АДАМ ЖАЗАЛАНҒАН

Былтыр құзырлы органдар осындай заңсыз ұтыс ойындары арқылы мыңдаған адамды алдаған 101 адамды жауапқа тартқан. Алайда жеңіл жолмен табыс тапқысы келетін әнші, блогер, әртістер үшін бұл тосқауыл болмай тұр. Биылдың өзінде осындай істер бойынша 23 адам жауапқа тартылған.

Серіктес жаңалықтары