×
$
448.94
€
502.05
₽
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.94
€
502.05
₽
5.26

Алматы көшелерінің атауына қатысты даудан кейін блогерге айыппұл салынып, билбордтардан суреті алынды

Бүгін, 09:42
Алматы көшелерінің атауына қатысты даудан кейін блогерге айыппұл салынып, билбордтардан суреті алынды
Ulysmedia коллажы

Әлеуметтік желіде Mini Knopka деген атпен танымал қазақстандық блогер Әйгерім Бердәлиева әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Мамандандырылған сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды.

Бұған дейін Бердәлиеваның Threads желісіндегі жазбасы қызу талқылауға түсіп, даудың ортасында қалған еді. Ол Алматыдағы көшелерді бұрынғы кеңестік атауларымен атайтынын айтып, бұл пікірін қолдамағандарға қатысты өткір сөздер жазған.

Атап айтқанда, блогер Достық даңғылын әлі де Ленин көшесі, ал Назарбаев даңғылын Фурманов көшесі деп атайтынын айтып, қаланың өзге де көшелерінің бұрынғы атауларын келтірген. Жазбасында балағат сөздер мен әдепсіз ишара да қолданған.

Бұл жазба әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің қызу талқысы мен сынына ұшырады.

Блогердің суреттері билбордтардан алынды

Даудың алдында Eurasian Fashion Week Әйгерім Бердәлиеваны шараның бренд амбассадоры ретінде таныстырған еді. Осыған байланысты оның суреттері Алматыдағы жарнамалық экрандар мен билбордтарға орналастырылған.

Алайда блогердің жазбасы көпшілік арасында қызу талқыға түскеннен кейін ұйымдастырушылар оның Бердәлиеваның суреттері бар жарнамалық материалдарды алып тастау туралы шешім қабылдады.

– Eurasian Fashion Week-тің блогердің айтқандарына еш қатысы жоқ және оның жеке парақшасында білдірген пікірін қолдамайды, – деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.

Кейін Бердәлиева даулы жазбасын өшіріп, кешірім сұрады. Оның айтуынша, жазбаны эмоцияға беріліп жазған және жағдайдың мұндай үлкен резонанс тудыратынын күтпеген.

– Мен ешкімді ренжіткім немесе көңіліне қаяу салғым келген жоқ. Ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым да, көп ұзамай өшіріп тастадым, – деді блогер.

Сондай-ақ ол жағдайды одан әрі ушықтырмауға шақырып, әлеуметтік желі қолданушыларын бір-біріне құрметпен қарауға үндеді.