Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ulysmedia.kz порталында жарияланған сұхбаттан кейін бас прокурор Берік Асыловтан "ЭКСПО ісінен" бастап елдегі саяси сипаты бар үкімдердің бәрін қайта қарауды сұрады.
Депутат Ермұрат Бапи Ulysmedia.kz порталында бұрынғы ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты жарияланғанын атап өтті. Бұл азамат кезінде елдің құқық органдары мен қазақстандық медиа «жер жарған жемқорлық шырғалаңы» деп атаған «ЭКСПО ісі» бойынша 14 жылға сотталған басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен бірге 4,5 жылға қамалып, шартты мерзіммен босап шыққан.
БАС ПРОКУРАТУРА МЕН АНТИКОР АУЫЗ АШПАДЫ
Ермұрат Бапидің сөзінше, ресми деректер бойынша, ЭКСПО-ның құрылысына мемлекеттен 565 млрд 100 млн теңге (сол кездегі бағам бойынша 2,1 млрд доллар) бөлінген. «ЭКСПО ісі» бойынша осы қаражаттың (жалпы жиыны) 10 миллиард 200 млн теңгесі талан-таражға түсті деген желеумен 23 адам жазаға тартылған-ды.
Міне, бүгінде әлеуметтік желілерді шарлап жүрген, интернет ресурстардың қазақстандық сегментінде қоғам қызу талқылаған тақырыптардың біріне айналған осы сұхбатта «ЭКСПО жемқорлығына» қатысты жаңа жағдаяттар жария етілген. Ең бастысы – сұхбат спикері Омаров мырза бұл жемқорлықты «саусақтан сорылған», жалған және жасанды деректер негізінде «қара жіппен көктеліп» жүргізілген іс деп, Бас прокуратура мен кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған «Антикор» агенттігін ашық айыптайды. «Иә, ЭКСПО-да жемқорлық қылмыс болған, бірақ ол жемқорлықты Ұлттық компанияның басқармасы емес, елдің кезіндегі саяси басшылығы тағайындаған басқарма бастығының кеңесшісі жасаған» дейді сұхбаттың спикері. Сотталушылар кезінде ашық айтудан қаймыққан ол кеңесшінің аты-жөні – Айдос Есполов. Оны «анықталмаған тұлға» деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен «Антикордың» экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров деп көрсетеді сұхбат беруші, – дейді Ермұрат Бапи.
Ермұрат Бапи сұхбатта айтылған басқа айыптауларды есепке алмағанда, қоғамға кеңінен тараған осы жазғыруға қатысты тиісті органдар тарапынан жауап берілуі тиіс болғанын айтады. Бірақ Бас прокуратура мен Антикордың ресми өкілдері ауыз ашпаған.
АСЫЛОВҚА НАҚТЫ СҰРАҚ
Депутат сұхбат берген Мұрат Омаровпен, оның және Талғат Ермегияевтың адвокаттарымен бірнеше кездесу өткізген. Жалпы жиыны 500 томнан тұратын қылмыстық іс көшірмесінің негізгі моменттерімен танысқан. Осының нәтижесінде Бапи бұл жағдаятты «жаңадан жария болған жағдай» деп бағалай отырып, сұхбатта айтылған деректер негізінде Бас прокуратура тарапынан мынадай сұрақтар төңірегінде жаңадан тексеріс жүргізілуін сұрайды:
ЖАҚИЯНОВ, АХМЕТОВ, ДОСҚАЛИЕВ...
Депутат әділет ешқашан жартыкеш болмайтынын, «Әділетті Қазақстан» идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келгенін айтады. Бұл сияқты «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке дара билік «қолынан жетектеп апарып соттатқан» тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты істер барын айта келе, депутат Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептейді.
Ал «ЭКСПО ісіне» қатысты ақиқат толығымен анықталып, нақты жазықтылар жауапқа тартылып, бейкүнә адамдар ақталуы тиіс! Сондықтан осы депутаттық сауалда көтерілген және сізге жолданған жазбаша нұсқада егжей-тегжейі көрсетілген деректер бойынша «ЭКСПО ісіне» қайтадан оралып, елдің Бас прокуроры ретінде сот үкіміне «протест» беруіңізді сұраймын! – деді Бапи.