×
512.34
582.07
6.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.34
582.07
6.31

Шерзат соты: кінәсі дәлелденсе сотталушыларға қандай жаза берілуі мүмкін

Бүгін, 11:07
Шерзат соты: кінәсі дәлелденсе сотталушыларға қандай жаза берілуі мүмкін
Ұлысмедиа коллажы

Талғардағы қанды оқиғаға байланысты сот процесі ашық өткізіліп жатыр. «Шерзат соты» аталған атышулы процесте 9 адам айыпталушы ретінде танылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.

Істе ең ауыр айып Абзал Шынасылға тағылған. Оған қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) 2 бөлігінің бірнеше тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен, аса қатыгездiкпен жасалған, көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) айып тағылған. Бұл бап кінәсі дәлелденген адамды 15-тен 20 жылға дейін соттауды қарастырады. Оған қоса Шынасылға 24-баптың 3 бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 293-баптың 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық) бойынша тағылған тағы екі бап бар. Бұзақылық бабы 5-7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Екінші айыпталушы Равиль Сәкиевке ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 7,9 тармақтары, 24-баптың 3 бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, 293-баптың 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. 99 баптың аталған тармақтары «адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған» және «бұзақылық ниетпен» деп аталады. Бұл да 15-тен 20 жылға дейін соттау жазасын көздейді. Қару қолдану арқылы бұзақылық бабы бойынша кінәсі дәлелденсе 5-7 жыл аралығындағы жаза қоса беріледі.

Істегі Азамат Тоқтаубаевты прокурорлар ҚР ҚК 293-баптың 3-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігі бойынша (бұзақылық және ұрлық) айыптайды. «Бұзақылық» бабына қоса «ұрлық» бабы бойынша кінәсі дәлелденген адамға ең жеңіл жаза 1 мың АЕК болса, ең ауыры 3 жылға бас бостандығынан айыру саналады.

Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Аскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ильясовке ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық) бойынша айып тағылған. Оларға тағылған айып дәлелденсе, 5-7 жыл аралығындағы мерзімге сотталуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша жауапкершілікке тартылған. Бұл бап 6 мың АЕК дейінгі айыппұлды, 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бір сұхбатында Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Думан Ысқақты кешіретінін мәлімдеген еді. 

Бұған қоса сот процесінде қорғалуға құқығы куәгер ретінде Эльмира Нұрбекова өтіп жатыр. Сот тергеуі барысында оның құқықтық статусы өзгеруі мүмкін.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.

Серіктес жаңалықтары