×
514.5
582.67
6.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.5
582.67
6.35

Салықтан босатып, жерді аукционсыз береді – үкімет араб инвесторларына үлкен жеңілдік ұсынбақ

Бүгін, 12:56
Салықтан босатып, жерді аукционсыз береді – үкімет араб инвесторларына үлкен жеңілдік ұсынбақ
Ұлысмедиа коллажы

Сенат бүгін БАӘ-ден келген араб инвесторларының есебінен Қазақстанда қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын және 300 МВт-тық энергия жинау жүйесін салу жөніндегі келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЕЙХТЕР ШЕКЕМІЗДІ ҚЫЗДЫРА МА

Мәжіліс араб инвестициясына салынатын жел электр станциясы жөнінде келісімді бұған дейін мақұлдаған еді. Ымыраның қыр-сырына Ulysmedia.kz үңіліп көрген. 

БАӘ-нің Masdar компаниясы Қазақстандағы жаңартылатын энергия нарығына кіруді көздейді. Олар 1,4 млрд АҚШ долларын инвестиция ретінде салып, қуаты 1 ГВт жел электр станциясын және қуаты 300 МВт энергия жинау жүйесін салуға ниетті. Бұл – Қазақстандағы ең ауқымды «жасыл» жобалардың бірі. 

Келісімді бүгін Сенат та мақұлдады.

АКЦИЯЛАРЫНА КІМ ИЕЛІК ЕТЕДІ

Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, келісімге сәйкес, Қазақстан тарапы инвесторға заңнама мен электр желілері ережелерінің өзгеруінен, бәсекелес жобалардың салынуынан немесе жер құнының өсуінен туындаған қосымша шығындардың орнын өтеуге міндетті. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы электр энергиясын өндіру үшін қолданылатын жел ағынына әсер етуі мүмкін іргелес жобалар немесе құрылыс жүргізуге жол бермеуге тиіс. Жобаны іске асыру шарттарының бірі — жобалық компанияға Қазақстан Республикасының нақты уақыттағы теңгерімдеуші нарығына қатысу талабы қолданылмайды. Сондай-ақ жобаны іске асыру үшін қажетті құжаттарды ұсынған жағдайда жобалық компанияға барлық қажетті лицензиялар, рұқсаттар, мемлекеттік сараптамалардан өту құқығы беріледі, оның ішінде шетелдік мамандарды тарту мүмкіндігі де бар.

Жобаны бірнеше акционерден құралған консорциум іске асырады:

  • Masdar (БАӘ) — 40% акция, негізгі инвестор;
  • W Solar (БАӘ) — 40% акция;
  • Kazakhgreenpower (ҚР-ның квазимемлекеттік компаниясы) — 18% акция;
  • Қазақстан инвестициялық даму қоры (ҚР-ның квазимемлекеттік компаниясы) — 2% акция.

ЖЭС-ті энергия жүйесіне қосу үшін ұзындығы 400 шақырымнан асатын жоғары кернеулі электр желілерін салу қажет. Жоба аясында Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының транзиттік әлеуетін арттыру көзделеді.

СОНЫМЕН, АРАБ ИНВЕСТОРЛАРЫНА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІКТЕР БЕРІЛЕДІ

Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан араб инвесторларына Қазақстан тарапы қандай жеңілдіктерді беретінін сұрады. Ол жауабында инвесторларға жеңілдік инвестиция заңнамасына сәйкес берілетінін айтты. Салық жағынан жеңілдіктер 8-10 жылға беріледі.

Инвесторлар корпоративті табыс салығынан 10 жылға, жер салығынан қателеспесем 8 жылға босатылады. Содан кейін заңға сәйкес, жер салығын төлей бастайды. Жобалық-сметалық құжат дайын болғаннан кейін оларға жер Жамбыл облысынан аукционсыз беріледі, – дейді ол.

Есімхановтың сөзінше, одан бөлек үкіметаралық келісімге сәйкес, зауыт дайын болған соң оларға тарифті бекіту құқығы беріледі. Инвесторлар жұмыскерлерін де әкеледі. Вице-министр мұны да беріп отырған жеңілдіктер қатарында айтты.

Серіктес жаңалықтары