9 мамыр күні Екатеринбург қаласында полиция 53 жастағы Людмила мен оның қызын "экстремистік" куртка кигені үшін ұстап, бөлімшеге жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Олардың киімінде Микки Маус бейнеленген және көк, сары, сұр түстерден тұратын үш көлденең жолақ болған. Осыған байланысты әйел шетелдік барлау қызметіне жұмыс істейді деген күдікке ілінген.
Видеода полиция қызметкері Людмиладан кімге жұмыс істейтінін сұрайды.
– Бұл азаматша Украинаға жұмыс істейді. Міне, үстінде Украина туы бар. Жаудың барлау қызметіне жұмыс істеу – жақсы нәрсе емес, – дейді ол.
Ал Людмиланың қызы Анастасия полицияға түсіндіруге тырысқан.
– Біз Қазақстаннан көшіп келдік, азаматтық алдық. Қазақстан туында да сары мен көк түстер бар, – дейді ол.
Алайда, соған қарамастан, екеуі де полиция бөліміне жеткізілді.
– Бізді бөлімшеге апарды. Ондағы адамдар анағұрлым сабырлы болды, жағдайды түсініп, мұның жай ғана түсінбестік екенін ұқты. Анамнан түсініктеме жазып алды, күртешені тәркілеу туралы акті толтырды. Хаттама жасалған жоқ. Күртешені 10 күннен кейін алуға болады деді. Әзірге сотқа арыздануды жоспарлап отырған жоқпыз, бізге қатысты іс те қозғалмаған сияқты. Сол күннен бері бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Қазір күтіп отырмыз. Ең бастысы — жағдай реттеліп, киімді қайтарып берсе болғаны, – деді Анастасия e1.ru порталына.